top of page

Алматы. ТӘРБИЕ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРДЫҢ ТӘРТІПКЕ ШАҚЫРУ ТӘСІЛІ!


Алматы облысындағы мектептердің бірінде шәкірттерін ұрған ұстаздың әрекетін оқушылардың бірі таспаға түсіріп алып, ғаламторда таратты. Жеткіншектерді тақта алдында қаздай тізіп, кейін шапалақпен ұрған Ұзынағаш мектебінің мұғалімі істің мән-жайы анықталған соң жұмысынан шеттетіліп қана қоймай, бас бостандығынан айырылуы да мүмкін.

- Неге бастайсың?

-Ағай, мен бастаған жоқпын.

-Айтып тұр ғой осы бастады деп.

-Неге мойындамайсың?! Неге?! Ей, бәле болдыңдар ғой!

Істің неден басталғаны кадрдан тыс қалса да, долы ұстаздың оқушыны шапалақпен қалай және қанша рет ұрғаны анық көрінеді. Бірінің түсінігін естіген мұғалім екіншіне ауысып, дауыс көтерген. Қатты ашуға мінген ұстаздың Ұзынағаш ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі екені анықталды. Темірдей тәртіпті талап ететін педагогтың бұл әрекетіне оның әріптестері аң-таң.

Ұлбалам Елгезерова, Ш.Уәлиханов атындағы Ұзынағаш орта мектебінің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі:

-Өте жақсы ұстаз. Өзі де, сөзі де түзу. Білім саласында істейтін мұндай ер азаматтар өте сирек.

Директордың өзі де, оның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары да жұмыс орнынан табылмады. Екеуі де денсаулығы сыр беріп, емханаға кеткен көрінеді. Соңғы 5 жыл бойы бір мектепте қызмет етіп, бір сәтке ашуын тежей алмаған ұстаздың мәселесі енді майшаммен қаралмақ.

Айткүл Медеуова, Жамбыл аудандық білім беру бөлімінің сектор жетекшісі:

–Әрине, тәрбие ісі жөніндегі орынбасар жұмыста кемшілік жіберген. Енді біз оны анықтаймыз, сөйлесеміз, тиісті шараны қолданамыз сол кісіге байланысты.

Айта кетерлігі осыған ұқсас жағдай 3 апта бұрын Алматыдағы мектептердің бірінде де орын алып, жас мұғалима өз еркімен жұмыстан кетті. Бірақ оған қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын. Ал ұзынағаштық педагогтың тәрбие беру тәсілдеріне жақын арада баға беріледі.

РЕДАКТОР БЛОГЫ

ЖУРНАЛИСТЕР

Айдана МАҒЖАН

Ақмарал ОМАШ

Айжан ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ

 

Бізді әлеуметтік желілерден ізде!
bottom of page