top of page

АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІСІН ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕКЕСІНЕ АРНАДЫ


Ыстамбұлда өткен Bala Turkvizyon-2015 халықаралық ән байқауында жерлесіміз Тұрсынхан Еркін 2-орын иеленді. 13 елдің жас өнерпаздары арасынан оқ бойы озық шыққан Тұрсынханның «Самға» әнін өнерсүйер қауым үздік әннің қатарына қосты.

Бұл – әншінің үлкен сахнадағы алғашқы жетістігі. Түркітілдес мемлекеттердің мәдени-рухани байланыстарын нығайту үшін 8 бен 13 жас аралығындағы дарынды өрендердің қатысуымен биыл тұңғыш мәрте Bala Turkvizyon халықаралық ән байқауы ұйымдастырылды. Атап өту керек, бұл жобаның тұсаукесері Алматыдағы «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығында Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қорының тікелей қолдауымен өткізілді. Ал «Хабар» агенттігі байқаудың еліміздегі іріктеу кезеңінен бастап, ақтық сынына дейін ақпараттық жағынан демеушілік жасады.

- Осы жердегі сарапшылар, жалпы халықаралық Turkvizyon байқауының ұйымдастырушылары барлық елдерді салыстырып келгенде Қазақстандағы Bala Turkvizyon-нің ұйымдастырылуы, іріктелуі, жалпы ондағы шоу-концерт нөмірі бірінші атқа лайық деген бағасын беріп жатыр. Бұл тек Тұрсынхан Еркінге, ұйымдастырушыларға ғана емес, жалпы қазақ еліне берілген жоғары баға деп білеміз. Барлық отандастарымызды осы керемет жеңіспен құттықтаймыз. Бұл Тәуелсіздік күніне арналған Тұрсынханның, қазақстандық Turkvizyon делегациясының үлкен сыйы, марапаты десек артық айтқандық болмас,- деді «Хабар» арнасы бағдарламалар дирекциясының бас продюсері Ринат Кертаев.

Bala Turkvizyon-2015 халықаралық ән байқауының гранд-финалы биыл 13 елдің сайдың тасындай іріктелген жезтаңдай әншілерінің басын қосты. Аталмыш сайыста 115 ұпай алған әзірбайжандық жұп Нұрай Рахман мен Ахмед Әмірлі қазылардың шешімімен жеңіске жетті. Алайда небары екі ұпайға кем түскен жерлесіміз Тұрсынханның өнеріне залдағы дүр көрерменнің көрсеткен қошеметі мен қызу қолдауы бәрінен асып түскен.

РЕДАКТОР БЛОГЫ

ЖУРНАЛИСТЕР

Айдана МАҒЖАН

Ақмарал ОМАШ

Айжан ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ

 

Бізді әлеуметтік желілерден ізде!
bottom of page