top of page

БАТЫР БІЛӘЛ

  • Біржан Кәкімов
  • 19 дек. 2015 г.
  • 3 мин. чтения

Осыдан 74 жыл бұрын фашистік Германияның басшысы Адольф Гитлер «Екі елдің өзара соғыспауы туралы» келсімді қасақана бұзып, 1941 жылы 22 маусымда таңғы сағат 5.30-да КСРО-ға қарсы соғыс ашты. Соғыстың негізгі мақсаты арийлық неміс нәсіліне жатпайтын басқа ұлтар мен нәсілдерді құл қылып, оларға «ТемірРэйх»-тің әлемдік билігін орнату болатын. Гитлердің басты мақсаты «Барбаросса» жоспарын іске асыру еді, ал қазақ жерін «Үлкен Түркістан» мемлекетіне айналдыру.

1940 жылы жасалған «Барбаросса» жоспарына сай Германия қысқа мерзім ішінде (6-8 апта) Архангельск-Еділ-Астрахан шебіне шығуды көздеді. Бұл қауырт соғыс –блицкригтің негізгі мақсаты еді. «Барбаросса» жоспарын жасағанда фашистік Германияның басшылары КСРО-ны «көптеген ұлттардың жасанды әрі әлсіз бірлестігі», «ішкі бірліктен айырылған этникалық конгломерат (қоспа)» ретінде қарастырды. Фашистер басып алынған кеңестік аумақта Остланд рейхскомиссариаттарын – герман провинцияларын құруды жоспарлады. Германияның Қазақстанға қатысты жоспары айқын еді. КСРО-ны жеңгеннен кейін фашистер Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанда бірыңғай герман аумағын құруды көздеді. Бұл аймақты «адамзатқа жатпайтын» славян халықтарынан тазарту міндеті қойылды.

1941 жылдың соңында түрік-монғол халықтарын жою жоспарланған болатын. Немістердің жоғарғы барлау мектебі болашақ отарлардың карталарының жобасын дайындап, 1942 жылдың басында «Еділ-Жайық» және «Үлкен Түркістан» мемлекеттік құрылымдарын құруды жоспарлады. Үлкен Түркістан отарының құрамына Қазақстан, Орта Азия, Татарстан, Башқұртстан, Әзірбайжан, Солтүстік Кавказ, Қырым, Синьцзянь, Ауғанстанның солтүстік бөлігі енгізілді. Қуыршақ мемлекеттерді құру арқылы гитлершілдер экономикалық және саяси мақсаттарды: ұлы герман империясы үшін қуатты шикізат және қосымша азық-түлік базасына ие болуды, Кеңес елін отарға, оның халқын құлға айналдыруды көздеді. Сондай-ақ, Қазақстанның орталық, солтүстік және солтүстік-шығыс аудандары – Қарағанды, Новосібір және Кузнецк «индустриялық облыстарының» құрамына кіруге тиіс болды. Бұл жерлерде фашистік Германияға қызмет ету үшін украиндар, белорустар мен поляктар, венгрлер мен Шығыс Еуропаның басқа да халықтарын қоныстандыру жоспарланды. Кейінірек қауырт соғыс жоспарларының күйреуіне байланысты фашистер өз жоспарларын қайта қарап, КСРО-ның орыс емес халықтарының өзін-өзі басқаруына уәде беруіне тура келді. Сөйтіп фашистер бұл халықтарды Мәскеуге қарсы күресте пайдаланбақшы болды.

Келіп жеткен қатыгез, ашкөз, тажалға қарсы тұру үшін бүкіл одақтас 15 республика жұдырық болып бас көтерді. Абай жерінен 1941-1945 жылдардағы соғыста жиыны 1789 адам майданға аттанған, солардың 1321 қан майданда біз үшін шейіт болды. 462 жауынгеріміз Отанға Жеңіс туын желбіретіп қайтты. Сол соғыстан аман-есен қайтқан ер жүрек батырлардың бірі Біләл Мәкенов еді.

Біләл Мәкенов 1918 жылы 5 мамырда Абай ауданы, Саржал ауылындағы Дүйсетай ақсақалдың шаңырағында, қарапайым отбасында дүниеге келген. Отбасы сол ауылдың шаруа адамдары еді. Руы Мәмбетей, оның ішінде Байғазы, ертеректегі Шаған өзенінің бай адамдары. Кеңес өкіметінің отаршылдық реформалық саясатының келуімен қарапайым отбасы деп айтылады.

Ол 1931-1938 жылдар аралығында Семей қаласында және Белағаш ауданында сауда саласында еңбек еткен, ауылдық кеңесте хатшы қызметін атқарған беделді адам еді. 1938 жылы әскер қатарына шақырылады. Осы жылы Саратов қаласындағы Куйбышев атындағы әскери училищесге түсіп, мұны бітіре салысымен 1941 жылы ақпаннан тамыз айына дейін Батыс майданына қарасты 50-ші атқыштар дивизиясының 49-шы атқыштар полкында байланыс взводының командирі шенінде қызмет атқарды. Сол арада Ұлы Отан соғысы басталып, майдан даласына аттанады. 1942-1943 жылдары аралығында соғыс майданында 101 атқыштар бригадасының жеке байланыс батальонының құрамында рота командирі болып, Брянск бағытындағы ұрыстарға қатысты. 1943 жылдың шілде айынан 1945 жылғы маусым айына дейін бірінші Белорус майданындағы 2007 атқыштар дивизиясының 598 полкында штаб байланысы взводының командирі шенінде қызмет атқарды. 1945 жылдың маусым және қараша айлары аралығында Саксониядағы Кеңес Одағы қарулы күштерінің окупациялық әскерлері құрамында экспедиция бастығы болды. Сондай-ақ, 1945-1947 жылдары Кеңес Одағының Германия окупациялаушы әскери комендатурасында байланыс кезекшісі қызметін атқарды.

Отан соғысында жоғарғы шенді офицерлерге берілетін «Александр Невский» орденін әзірше солардың ішінде санаулы қазақтар ғана алған. Аталмыш орденмен наградталған қазақ ұландары некен-саяқ болған. Тіпті аз деуге болады. «Александр Невский» ордені соғыста тек батылдығымен көзге түскен сардарларға беріледі. Бұл орденді алатын сардар дәрежесі капитан шенінен кем болмауы тиіс еді. Біләл ата осы орденді лейтенант шенінде алды. Оның себебі атқарып жүрген қызметіне байланысты болса керек. 3-ші Соққы беруші армияның 207-ші атқыштар дивизиясының 598-ші атқыштар полкінде гі байланысшылар ротасында взвод командирі болғаны үшін. 1944 жылы ұрыста асқан ерлік көрсеткені үшін берілетін жоғарғы атақтардың бірі «Александр Невский» орденімен қолбасшылар тарапынан марапатталды. Одан бөлек «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендері, «Ерлігі үшін», «Германияны женгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен марапатталған.

Біләл ата 1947 жылы мамыр айында туған жері Абай ауылына аман-есен қайтып оралып, елге лейтенант шенінде келді. Әскерден жаңа оралған ер жігітті ауыл тұрғындары Кубышев ауылындағы сельпоға бастық етіп сайлайды. Отбасын құрып, ұрпақ қызығын көрді, жанұясында бес қыз, екі ұлы болды.

1955-1957 жылдары МТС-та, 1957-1959 жылдарда Комхозда, 1959-1961 жылдарда жол бөлімінде шауашылық басқарушысы болып қызмет атқарады. 1961-1963 жылдарда Абай аудандық кеңесі атқару комитетінде экспедитор болды. 1963 жылдардың соңына дейін «Казсельхозтехникада» шаруашылық басқарушысы қызметін атқарды. 1977 жылы 59 жасында, өкінішке орай Біләл ата Сарғалдақ ауылында іссапармен жүргенде найзағай отынан жай түсіп қайтыс болды.

Осындай батыр аталарымызды ауылы мақтаныш етіп, қажырлы еңбегін жас ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде көрсете аламыз. Әнет баба айтқандай: «Тауына қарай – қыраны, еліне қарай – ұланы, жеріне қарай – құланы» дегендей, біздің тарихи-өлкетануымызда екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан батыр аталарымыздың ерліктері ақиқат ретінде қабылданбақ. Қаншама жылдар, ғасырлар өтсін, тарих парақтарында батырлар ерлігі алтын әріптермен сақтала бермек. Ләйім елімізде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» кезеңдер, тек бейбітшілік болсын!

Біржан Кәкімов,

Абай ауданы Қарауыл ауылындағы

тарихи-өлкетану мұражайының зал қараушысы.

 
 
 

Comments


РЕДАКТОР БЛОГЫ

ЖУРНАЛИСТЕР

Айдана МАҒЖАН

Ақмарал ОМАШ

Айжан ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ

 

Бізді әлеуметтік желілерден ізде!
bottom of page