top of page

МАЙДАНГЕР ҰСТАЗ

  • Айнұр КАТИЕВА,
  • 19 дек. 2015 г.
  • 2 мин. чтения

Тұмар Әубәкіров Белтерек өңіріндегі Мойылды өзені бойында 1916 жылы көктемде дүниеге келген. ата-анасынан ерте айырылды. Жаппай колхоздандыру Әубәкір отағасының жанұясына қиындық ала келді. Туған жерден еріксіз қоныс аударып, Жарма ауданы Ақбұзау ауылында жетім қалған Тұмар 1927 жылы бастауыш сыныпқа барады. Одан Семей қаласындағы жетім балалар үйіне жіберіліп, сонда жеті жылдық білім алады. Жасынан зерек, ерте пісіп-қатқан Тұмар Семейдегі Қазақ педагогикалық техникумына түсіп, оны 1936 жылы бітіреді де, Шар ауданының Суықбұлақ ауылына мұғалім болып орналасады.

Тұмар Әубәкіров 1938 жылы міндетті азаматтық борышын өтеуге шақырылады. 1939 жылы Ленинград облысындағы әскери бөлімде атты әскер қатарында қызмет етеді.

1941 жылы соғыс басталғанда ол алғашқы лекпен майданға аттанған болатын.

Тұмар атаның көзі тірісінде өз аузымен айтқан естелігіне кезек берген жөн. Ол ертеректе өзінің соғысы жайлы әңгімесінде былай дейді: Мен соғысты Эстония жерінде бастадым. Новгород түбінде жараландым. Содан жазылған соң Уфа қаласында Башқұрттардың 41-дербес ковалерия дивизиясына қосылдым. Москва түбіндегі шайқастарда атты барлаушы ретінде қатыстым. Бірде барлауға шықтық. 1941 жылдың қақаған суық күзі еді. Тула темір жолы разъезінде немістердің жаңа күші келді. Қанша адам күші, қару-жарақ бар сол жайлы мәлімет әкелуге «тіл» әкелуге командир бізге бұйрық берді. Айсыз түнде Ока өзенін бойлап келеміз. Өзеннен өттік, разъезге екі шақырым қалғанда орманға атты қалдырып, жаяу тарттық. Немістер өте сақ.

Кезекпен кезек айқасып, күзетте тұр. Мұздай қаруланған. Бізде шыдадық. Таң алдында шаршаған неміс солдаттары қалғи бастады, сол сәтті пайдаланып, біз төртеу едік. Ұйқылы – ояу отырған екі фашисті бас салып, байлап алып кеттік. Орманға аман аттарымызға жетіп, «Тілді» штабқа алып келдік. Командир алғыс айтып, жауынгерлік наградаға ұсынды. Олардан үлкен құпия мәлімет алыпты» (М.Зүкенов. «Ауылым алтын бесігім») .

Тұмар Әубәкіров барлаушы ретінде Псков, Калуга, Орел қалаларын азат етуге қатысып, талай ерліктер жасаған. Брянск ормандарында партизан отрядында да болған. Екі рет ауыр жараланып 1945 жылы кеудесі орден-медальға толып, жеңіспен елге оралды.

Соғыстан оралған соң мамандығы бойынша Жарма ауданының Мырзағұл, Бөлектас, Үшбиік мектептерінде мұғалім болып, талай шәкіртті білем нәрімен сусындатты.

Кәмелхан апамызбен шаңырақ көтеріп, екеуі тоғыз бала өсіріп, тәрбиелеген.

Мапйдангер атаның ұрпақтарына тоқталар болсақ, тұңғышы Ерғазы – механизатор. Қымбат пен Айткен әке жолын қуған ұстаз. Ләззат – медбике. Сәуле мен Сая – сауда қызметкерлері. Арыстан – механизатор. Қизат - кәсіпкер. Барлығы да маман, білімді ұрпақ. Бұл күнде Тұмар ата мен Камалхан ападан тараған 34 немере, 22 шөбере бар.

Айнұр КАТИЕВА,

Үшбиік ауылы,

Жарма ауданы.

 
 
 

Comments


РЕДАКТОР БЛОГЫ

ЖУРНАЛИСТЕР

Айдана МАҒЖАН

Ақмарал ОМАШ

Айжан ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ

 

Бізді әлеуметтік желілерден ізде!
bottom of page