top of page

СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ Өскеменде баспасөз мәслихатын өткізді


Кеше Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне Шығыс Қазақстан облысының ақпараттық орталығында өткен брифинг барысында баяндап, журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Қала басшысы Семейде атқарылған істерге тоқтала отырып, 2015 жылды қорытындылады.

– Құрметті әріптестер, есеп жасауға берілген уақытты ескере келе ең маңыздыларына тоқталайын. Семей облысаралық рейтингте тоғызыншы орында тұр. Бұл нені білдіреді. Былтыр 13-ші орында тұрған едік. Демек, қала дамуында алға ілгерілеу бар. Қаланың түйткілді мәселесі ол - жылумен қамтамасыз етілуі еді. Бұл іс 2009 жылдан бастап қолға алынған. Биылғы жылдың өзінде қаланы жылумен қамтамасыз етіп отырған бірнеше қазандықтар жөндеуден өтіп, жылу құбырлары ауыстырылды. Семейдің өз-өзін азық түлікпен қамтамасыз етуіне келетін болсақ, биыл сүтпен қамту 1,1 пайызға артса, ет өнімдері 3,5 пайызға, жұмыртқа өндіру 80,7 пайызға азайған. Бұл көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Жаңа кәсіпорынды ашу қазіргі таңда мүмкін емес. Сондықтан, бар кәсіпорындардың ісін дамыту қажет. Ол үшін үкімет қолдау танытып жатыр. «Жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 130 субсидия алуға келісімшартқа отырса, 2015 жылы несие алуға 38 келісім шарт жасасты. 2014 жылға қарағанда 15,1 пайыз өсім бар. Сонымен қатар, Қарағайлы ықшам ауданы бой көтеруде. Бүгінгі күні ол жерде үш көп қабатты тұрғын үй салына бастады. Тағы 9 қабатты – 72 пәтерлі үш үйдің іргетасы қаланады. Бұған қоса аталмыш ауданда 10 көпқабатты тұрғын үйлер салу қарастырылуда. Облыс әкімі Даниал Ахметов айтқандай, жаңа шағын ауданды қалай салу керектігін семейліктер бүкіл елімізге көрсетуіміз керек. Ол жерде Назарбаев Зияткерлік мектебі, СММУ-нің жатақханалары салынуда. Аталмыш ауданда қонақ үй, екі балабақша құрылысы жүргізілмек. Бір сөзбен айтқанда, аталмыш ауданды үлгі ретінде көрсетпекпіз. Ауыл тұрғындарының Семейге көшіп келуі жыл сайын өсуде. Бұл қала бюджетіне үлкен салмақ салады. Үйсіздер көбейеді. Тұрғындарды үймен қамтамсыз етудің бірнеше жолын қарастырудамыз. Оның бірі – несиемен үй беру. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы баспана иеленіп жатқандар көп,- деп Е. Сәлімов қала тыныс-тіршілігіне қысқаша тоталып өтті.

Қала басшысының есебінен кейін әдеттегідей сұрақ пен жауап кезек алмасты. Семейдегі Шығыс кентін жарықтандыру мәселесі қалай болатындығы алғашқы сұрақтардың бірі болып қойылды. Бұған Е.Сәлімов: «Семейде ондай аудандардың саны көп, оларды жөндеуді, жарықтандыруды қолға алып, сметалық құжаттарды реттеп, бюджеттен қаржы қарастырып жатырмыз. Нәтижесін жақын арада көрсететін боламыз» деді. Семейліктерді алаңдатқан жергілікті «Қазақстан-Семей» телеарнасы жайында Ермак Бидахметұлы: «Каналды жабу біздің шешіміміз емес еді. Оны мемлекет қаржыландыратын. Біз бұл мәселені шештік. Енді, «Қазақстан-Семей» қалалық телеарна болмақ. Бірақ қала бюджеті телеарнаны қаржымен толықтай қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан кадрлық қысқартулар болады. Ол үшін инвесторлар тартамыз»-деп түсіндірді.

«Спартак» футбол командасының болашақтағы тағдыры не болмақ?» деген журналист сұрағына:

– Бұл майшаммен қарайтын мәселе. Биылғы маусымды аяқтау мақсатымыз болған. Көздегенімізге жеттік. Қала бюджеті «Спартакты» қамтамасыз ете алмағандықтан, облыс командасымен біріктіруді көздеп отырмыз. Сонда облыстың атынан бір ғана футбол командасы шығады деген шешім қабылдануы мүмкін. Семей - футболдың Отаны. Осындай жағдайларды жан-жақты ескере келе дұрыс шешім табамыз деген ойдамын,- деді Ермак Сәлімов.

Баспасөз мәслихатында қала әкімі Ермак Сәлімовке Семейдегі шешімін күткен басқа да түйткілді мәселелерге байланысты сұрақтар қойылып, журналистер қауымы қанағаттанарлық жауаптар ала алды.

РЕДАКТОР БЛОГЫ

ЖУРНАЛИСТЕР

Айдана МАҒЖАН

Ақмарал ОМАШ

Айжан ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ

 

Бізді әлеуметтік желілерден ізде!
bottom of page