top of page

«ЕСЕСІ ҚАЙТҚАН ЕҢБЕК  –  ИГІ» дейді  ардагер Амантай Айтмырзаұлы

Ел үшін игілікті істер атқару адам жанына рухани ләззат сыйлап, шабытын оятып, қиялына қанат бітіретіні анық. Елу жылға жуық саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке арнап, еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүрген ол өзінің өнегелі өмір жолында кейінгілерге – үлгі, алдындағыларға демеу бола білген азамат. Бүгінгі мақаламыз мерейлі Мешін жылының басында жетпістің желкенін керіп, жемісті белеске шығып отырған Амантай Доғалақов жайында болмақ.

Балалық шаққа саяхат

Амантай Айтмырзаұлы 1946 жылы 9 қаңтарда бұрынғы Семей облысы, Жаңасемей ауданы Сарбұлақ ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Айтмырза мен анасы Жамал төрт ұл (Серікжан, Амантай, Аманжол, Уақас), бір қыз (Сапура) тәрбилеп, балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіреді. Серікжан ағасы мен Уақас інісі дүниеден ертерек өтіпті. Ал, Аманжол есімді інісі мен Сапура қарындасы балалары мен немерелерінің қызығына бөленіп, бүгінде ата-әже атанып отыр.

Қазақта «Бір әкенің берген тәрбиесін, жүз мектеп те бере алмайды» деген жақсы сөз бар. Рас, ер бала үшін әке тәрбиесінің жөні бөлек. Балаларына ғана емес, барша ауыл жастарына қамқор болып «кіші аға» атанып кеткен әкесі Айтмырза 1944 жылы майданнан оралып, Жаңасемей ауданында абыройлы қызмет атқарған жан. Бала кезінен әкесінің әр айтқан ақылын санасына құйып, қоғамда өзіндік орны бар тұлға болып қалыптасуды көздеген бозбала Амантайдың арманы көп еді. Соның бірі, қаламы қарымды журналист болу. Қоғамда орын алып жатқан түйткілді мәселерді назардан тыс қалдырмай, жоғары биліктегілерге құлаққағыс жасап, халықтың жағдайын жақсарту еді мақсаты. Дегенмен, ер жете келе арман жолының бағыты өзгеріп, мүлдем басқа саланың маманы атанады. 1963 жылы Жаңасемей ауданына қарасты Знаменка орта мектеп-интернатын бітіреді. Бар ықыласымен оқуға ден қойған зерек оқушының биіктен көрінеріне ұстаздары да сенім артып, өзгелер де оның келешегінен көп үміт күткен-ді.

Еңбек ширатады, өмір үйретеді

Алғашқы еңбек жолын Шыңжы ауылындағы бастауыш мектепте ұстаздық етуден бастаған ол 1973 жылы Семей зоотехникалық-малдәрігерлік институтын тәмамдайды. Сол жылдан бастап 1976 жылға дейін Жаңасемей ауданындағы малдәрігерлік стансасының дезинфекциялау отрядында басшы болып қызмет атқарады. Мамандығының бүге-шігесін осы жерде меңгеріп, келешек қызмет жолында қалыптасуға қажетті біліктің негізі осында қаланады. Іске мығым, жұмысына жауапты жас жігіт басшылардың көзіне түсіп, небары 35 жасында, яғни 1981 жылы Жаңасемей ауданының «Жаңасемей» совхозына директор болып тағайындалады. Өмірде өзі білімді, тумысында мінезге бай адам қашанда өзіне сенімді, жағымпаздық пен жалтақтыққа жат. Сондықтан да батыл шешімдер қабылдай біледі. Қызмет жолында кездескен қиындықтарға мойынсұнбай, қажыр-қайраты мен адал еңбегінің арқасында 2002 жылы Семей қаласының Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы болып, қызметін абыроймен жалғастырады. Жеті жылдай осы қызметте аянбай еңбек етіп, ауыл шаруашылығының дамуына өз үлесін қосады. Төккен тер мен еткен еңбектің жемісін терер жасқа жетіп, 2009 жылы зейнетке шығады. Дәл осы жылы қалалық Мәдениет сарайы директорының күрделі жөндеуден өткізу жөніндегі орынбасары болып тағайындалып, бүгінгі сән-салтанаты жарасқан өнер ордасының қайта жаңғыртылуына мұрындық болады. Араға үш жыл салып, яғни, 2012 жылдан бастап бүгінге дейін Семей қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарады. Ақыл-парасатын, күш-қайратын елдің келешегін дамытуға, туған жердің өрісін ұлғайтып, тірлігін түлетуге арнаған соғыс және еңбек ардагерлеріне қандай құрмет жасалса да артық емес. Осы тұрғыда қаламыздағы ардагерлердің басын біріктіріп, олардың жұмысын үйлестіріп отырған аталмыш ұйының мойнындағы міндет аса ауқымды. Осынау жауапты іске басшылық етіп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген Амантай Айтмырзаұлының еңбегі орасан.

Шаңырақтың шуағы

«Анасына қарап қызын ал» дейді дана қазақ. Алайда құда түсер, қызын алар уақытта «шыққан тегi қандай екен?» деп әкесiнiң қоғамдағы, жанұядағы орнын сұрайтын шешушi сауалдың туын­дайтыны анық. Кейіпкеріміз өмірлік жарын жолықтырмас бұрын, оның әкесі Орынбай ақсақалмен етене жақын араласып, іскер азаматтың даналығы мен жүріс-тұрысына тамсанып, сол кісіге еліктейді. Уақыт өте келе, өзіне үлгі тұтқан жанның қызын жолықтырып, жұптары жарасып, үлкендердің ақ батасымен шаңырақ көтереді. Ол кезде Амантай Айтмырзаұлы Семей зоотехникалық-малдәрігерлік институтының 4 курс студенті ал, жұбайы Шолпан Нұрбаева Семей медициналық институтының 5 курсында оқып жүрген болатын. Студент екі жас үшін отбасылық өмірдің алғашқы жылдары оңай болмағаны анық. Десе де, ата-аналарының тәрбиесі мен үлгі-өнегесі, айтқан ақылдары жас отбасының аяқтан нық тұруына септігін тигізеді. Бүгінде шаңырақтың отағасы Амантай мен отанасы Шолпан ұлын ұяға, қызын қияға қондырған үлгілі отбасы. Тұңғыштары Жанна медицина ғылымдарының докторы, профессор. Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі (ҚДСМ) медициналық факультетінің деканы. Ал, кенже ұлы Дархан инженер-машина құрастырушы, «Қазақстан және ТМД елдеріне күн батареялары мен жел генераторларын сату және орнату» жөніндегі директор. Қос құлынының әр жетістігіне мақтанып, марқайып отыратын ата-ана ендігі кезекте немерелерінің болашағы жарқын болса екен дейді. Ұлы Дарханнан Диас, Ерасыл атты қос немере, қызы Жаннадан Диана, Әнел, Мәдина есімді үш жиен сүйіп отыр. Төрт құбыласы түгел кейіпкеріміз – әулеттің биік те саялы бәйтерегі. Ғұмырлық бейнетінің жемісін тамсана татып отырған жайы бар.

Армансыз адам қанатсыз құспен тең

Армансыз адам болмайды, ол кәрі-жасқа ортақ. Тек адамның жасы ұлғайған сайын армандаудың бағыты өзгеретіні анық. Елу жылға жуық еліне қалтқысыз еңбек етіп, бүгінде соның жемісін көріп отырған кейіпкеріміздің әлі де армандары көп екен. Ең басты арманы елінің тыныштығы, бала-шағасының амандығы болса, екіншісі естелік кітап жазу. Ата-тегі, өскен ортасы, балалық шағынан бастап, осы уақытқа дейін атқарған қызметтері мен жеткен жетістіктеріне қалам тербеуді жөн көреді. «Қазір қазақ шежіресі дейміз бе, тарихы дейміз бе, осыларды игеріп толық білмеген күнде де, өзіңнің ойындағыңды айтудың, жазып қалдырудың ешқандай артықшылығы жоқ болар деп ойлаймын. «Атасын айтқаннан алыс болмайды» деген қағиданы біреулердің бұрмалап, руды айтудың, жазудың қандай қажеттілігі бар, ол ескіден қалған әдет қой деп айыптайтындар да бар. Шежірені, жеті атаңды, болмаса тарихыңды білудің ешқандай сөкеттігі жоқ екені белгілі. Сондықтан, жеті атамды түгендеп, ұрпақ сабақтастығын қағаз бетіне түсіруді жоспарлап жүрмін. Бұл келер ұрпағым үшін таптырмас құнды дүние болары сөзсіз» - дейді кейіпкеріміз. Айта кетейік, жуырда Амантай Доғалақовтың 4 бөлімнен тұратын, 540 беттік «Елі дархан, жері жайсаң Жаңасемей» атты кітабы оқырманға жол тартқан болатын. Кітапта аталмыш ауданнан шыққан белгілі тұлғалар мен олардың ерен еңбектері жайында жазылған.

Кеудесінде - «Құрмет» ордені

Амантай Айтмырзаұлының ұзақ жылдар бойғы өнімді еңбегі еленіп, билік тарапынан бірнеше мәрте түрлі марапаттарға ұсынылды. Омырауынан түрлі орден-медальдар орын тауып, мәртебенің биігіне көтерілді. Естеріңізге сала кетсек, жуырда ғана, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында облыс орталығында өткен салтанатты шарада кейіпкеріміз белсенді қоғамдық қызметі үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды. «Есесі қайтқан еңбек - игі» дегендей, бұл да елеулі еңбегінің еленгені деп біледі. Бүгінде ол жетпістің желкенін керіп, жемісті белеске шығып отыр. Өмірде көргені мен түйгені мол ақсақал ағайынға ақыл айтар жасқа келіпті. Жарты ғасырға жуық ғұмырын мемлекеттік қызметке арнап, әлі де болса тынбай еңбек етіп келе жатқан ел ағасына тілеріміз – денсаулық, бақыт, ұзақ өмір.

Айдана МАҒЖАН

РЕДАКТОР БЛОГЫ

ЖУРНАЛИСТЕР

Айдана МАҒЖАН

Ақмарал ОМАШ

Айжан ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ

 

Бізді әлеуметтік желілерден ізде!
bottom of page