top of page

АГРАРЛЫҚ БІЛІМНІҢ БЕРЕРІ МОЛ


Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті Семей өңіріндегі жоғары оқу орындарының арасында өзіндік орны бар, білім сапасы жоғары, көпсалалы классикалық еуропалық университет үлгісіндегі оқу ошағы. 1995 жылы зоотехникалық-малдәрігерлік, технологиялық және қаржы институттары негізінде құрылған университет Қазақстанның Солтүстік-Шығыс өңіріндегі мәдени, оқу-әдістемелік және ғылыми орталық бола келе, қаншама жастарды білім нәрімен сусындатып, болашақтың жарқын болуына өз үлесін қосып, білікті мамандар даярлауда.

Оқу орнында жаратылыстану, әлеуметтік-гуманитарлық, техникалық, ауыл шаруашылық ғылымдары, ветеринария, бизнес және құқық салаларына ең қажет етілетін мамандықтарының кең ауқымы бойынша мамандар даярланады, оның ішінде бакалавриаттың, жоғары арнаулы білім берудің, магистратураның, және докторантураның мамандығы бойынша даярлау жүргізіледі.

Президентіміз Н.Назарбаев ауыл бағдарламасында көрсеткендей, дамыған елдердің аграрлық салада қол жеткізген тәжірбиелерінің саяси-экономикалық әдіс-тәсілдерін ұтымды пайдалана отырып, агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамытудың ең басты іс-шараларын нақтылау міндетін алға қойып отыр. Осы мақсатта аграрлық салаға қолдау көрсетіп, мемлекеттік гранттар бөліп отыр. Көптеген жас өрендер грант негізінде, «Серпін» бағдарламасы аясында білім алуда. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің биылғы түлектеріне арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесінде Шығыс Қазақстан облысынан, Алматы, Павлодар және Қарағанды қалаларынан 45 кәсіпорынның басшылары қатысты. Қазақстанның басқа өңірлерінен бітіруші түлектерге жан-жақтан жұмысқа шақыртулар келіп түсті. Жас мамандар жәрмеңке барысында және оған дейін жұмысқа орналасу туралы 200-ден астам келісімшартқа отырды. Еліміздің гүлденіп көркеюіне біздің университетіміз сүбелі үлес қосуда. Қазіргі таңда университет Болон үрдісі бойынша академиялық ұтқырлық бағдарламасымен шетелге студенттерді 1- семестрге оқуға аттандыруда.

Біздің Аграрлық факультетіміздің алғашқы қарлығашы ҚР Білім және Ғылым министрлігі стипендиясы негізіндегі академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша «Шаруашылық өнімдерін өңдеу» мамандығының 4 курс студенті Ерікқызы Әйгерім Болгарияның Пловдив қаласындағы Аграрлық университетінде бір семестр бойы білім нәріне сусындап, тәжірибе алмасып келді. Әйгерім де болашақ маман ретінде теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, факультетіміздің намысын қолдан бермей, үздік бағалармен бітіріп келді. Сонымен қатар, 2012 жылдың қорытындысы бойынша, «Болашақ» бағдарламасының байқауына белсенді қатысқан Қазақстанның 20 жоғары оқу орны қатарына енді. «Болашақ» бағдарламасы аясында факультетіміздегі аға оқытушымыз Мұратбаев Дәулетбек Манарбекұлы грант негізінде шетелде білімін жетілдіріп келді.

Елбасының ауылға, ауыл ша­руашылығына ерекше көңіл бөліп қамқорлық жасап келгені баршамызға аян. Аграрлық саланы дамытуды 2010-2020 жылдарға ар­налған индустриялық-ин­нова­циялық даму бағдарлама­сында­ғы басым бағыт берілген жеті сала­ның бірі ретінде атап өтті. Біз де аграрлық саланың маманы ретінде өз үлесімізді қосу мақсатында төмендегі іс шараларды қолға алдық:

2015 жылғы қыркүйектің 25-інде Бородулиха ауданында семинар және мастер класс өтті. Семинар шаруа қожалықтарының басшыларымен тәжірибе алмасу мақсатында жүргізілді. Азық өнімдерінің технологиясына аса мән беру керектігі және негізгі қоректік элементтерді пайдаланудың мерзімді мәселелері қарастырылды.

2015 жылғы қарашаның 14-ші жұлдызында Бесқарағай ауданында «Шәкәрім университетінің күні» аталып өтті. Бағдарлама барысында семинарлар және де шеберлік сабақтары жүргізілді. Семинар барысында: «Шығыс Қазақстан өңірінің тозған жерлерін қалпына келтіру шаралары», «Қауіпті зооантрапонозды және инфекциялық ауру ошақтарында эпизоотологиялық бақылау жүргізу», «Заманауи шарттар негізінде бруцеллездің алдын алу» және де тағы да басқа өзекті мәселелер қарастырылды. Сонымен қатар, «Шығыс Қазақстан облысының гранттық жобаларын АӨК жүзеге асыру» тақырып аясында семинар өткіздік.

Жуырда аграрлық факультет ғалымдарының инновациялық идеяларының жәрмеңкесі өтті. Агроөнеркәсіп саласын дамытуға бағытталған шараға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері, шаруа қожалықтардың басшылары мен ветеринарлық зертхана мамандары және ірі кәсіпорын жетекшілері қатысты. Жәрмеңке аясында оқу орнының ғалымдары жиналған қауымды 14 ғылыми жобамен таныстырды. Осы аталған бағыттардағы жұмыстың нәтижелі болуында еліміздегі ұлттық инновациялық жүйені тиімді және ұтымды қызметін қалыптастырудың рөлі ерекше.

Унивеситет негізінде «Агротехнопарк» зертханасы ашылған. Зертхананы ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, профессор міндетін атқарушы Көжебаев Болат Жанахметұлы басқарып отыр. Зертхана заманауи талаптарға сай жабдықтармен қамтылған. Онда біздің студенттеріміз, магистранттарымыз, ғалымдарымыз өздерінің зерттеу жұмыстарын жүзеге асыра алады. Зертханада мыңдаған зерттеу жұмыстары жүргізіліп, еліміздің гүленіп көркеюіне өзіндік үлесін қосып жатыр десем артық болмас. Факультетімізде студенттерге, магистранттарға теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға толық жағдай жасалынған зертханамыз бар екендігін мақтанышпен айта аламыз.

Ғылым мен білім деңгейінің биіктігі ауыл шаруашылығын қарқынды дамытудың басты шарты екенін университет ұжымының ауылшаруашылық саласын көтеруге қосқан үлесінен көруге болады. Егін шаруашылығына озық технологиялар ұсынылып, өндірісте кеңінен қолданысқа енгізілуде. Мал шаруашылығы саласында ірі ғылыми жұмыстар жүргізілуде.

Елбасы «Білімді ұрпақ – мемлекеттің болашағы» деген. Яғни, жас өрендерді білім нәрімен сусындандырып, жас буынның білім алуына біздің факультетімізде толық жағдай жасалынған. Сөзімнің дәлелі ретінде, факультетімізде Қазақстан ұлттық академиясының жаратылыстану ғылымдарының академигі Зейнолла Қалымбекұлы Тоқаев, ветеринария ғылымдарының академигі Дюсембаев Серғазы Тұрлыбекұлы, ауылшаруашылық ғылымдарының академиясының академигі С.К. Құрманбаев, Ресей ғылымдарының жаратылыстану академиясының академиктер мүшесі А.Ю.Жанадилов мырзалар еңбек етіп жатқанын айтқым келеді. Академиктеріміздің еңбек жолы жас өрендерге қашанда үлгі-өнеге. Осындай арқатұтар академиктеріміздің бар екендігін қашанда мақтан тұтамыз.

Ауыл шаруашылығының дамуына аянбай еңбек етіп, қажырлы үлесімізді қосамыз деген ойдамын.

Келген Жаңа жылы құтты болсын, ағайын. Жаңа жыл тек жақсылық, бақыт, қуаныш әкелсін елімізге. Ел іргесі тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, тек биік шыңдардан көріне берейік.

С.М. СЕЙЛҒАЗИНА,

аграрлық факульттің деканы

РЕДАКТОР БЛОГЫ

ЖУРНАЛИСТЕР

Айдана МАҒЖАН

Ақмарал ОМАШ

Айжан ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ

 

Бізді әлеуметтік желілерден ізде!
bottom of page