top of page

АЛҒАШҚЫ «ЖАЙЛЫ ТҰРҒЫН ҮЙ» қолданысқа берілді

Семей қаласындағы бірқатар отбасы Жаңа жыл қарсаңында қоныс тойын тойлады. Жайлы тұрғын үй» атты өңірлік тұрғын үй кұрылысы бағдарламасы аясында салынған көп қабатты баспана 2015 жылдың аяғында тұрғындар игілігіне берілді. Ашылу салтанатына қала басшысы Ермак Сәлімов қатысып, қоныстанушыларға пәтер кілттерін табыс етті. Баспаналы болған жерлестеріміздің қуанышына біз де ортақтасып қайтқан едік.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» және «Ертіс» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, осы өңірдің, соның ішінде Семей қаласының тұрғындарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге атсалысып келеді. Қолданысқа берілген Народная көшесі, 86 а мекен-жайындағы тұрғын үй соның дәлелі.

– Құрметті семейліктер, бүгін үлкен жақсылықтың куәгері болып отырмыз. Жақсылығымыз ұзағынан болсын. Үйсіз жүргендердің саны азайып жатыр. Біз үшін бұл – бақыт. Осы ретте облыс әкімі Даниал Ахметовке алғысымыз шексіз. Сол кісінің бастамасымен бұл жоба қолға алынып, нәтижесінде тұрғындар үйді қолжетімді бағамен алып отыр. Әрі мұндай бағдарлама тек біздің өңірде ғана жүзеге асырылып жатыр. Әлі жалғасын тауып, баспана кезегіндегілердің барлығы баспана алып, сіздердей қоныс тойын тойлайды деген ниеттеміз. Үйлеріңіздің іші жанға, сырты малға толсын,- деп ақжарма тілегін жеткізген Ермак Бидахметұлы пәтер иелеріне кілттерді салтанатты түрде табыстады.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» Семей қаласындағы филиалы жеті жылда 10 млрд. теңгеге жуық сомада өңірдің 3000-нан астам тұрғынына жеңілдікті заемдар беріп, баспаналы болуларына жол ашты. Биыл банк салымшылары тұрғын үй сатып алуға 135 млрд.теңге көлемінде несие алды. Осылайша, Банк айлық табыстары жоғары емес 2 мың адамға үй алуға жәрдемдесті. Бұл көрсеткіш адамдардың банкке деген сенімділігінің айғағы іспеттес.

Көппен бірге өз пәтеріне қол жеткізген Абай ауданының бұрынғы тұрғыны Мейірхат Ахметов: «Семейден үй алып жатырмыз. Жай ғана үй емес, жаңа пәтердің кілті қолымызға тиді. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне», облыс, қала басшылығына алғысымыз шексіз. Осының бәрі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы деп ойлаймын. Отанымыз гүлдене берсін, үйлер көптеп салынып, халық қуанышқа кенеле берсін»- деді.

Сапасы мен сәні келіскен тұрғын үйге қоныстанушылардың қуанышында шек жоқ, әрине. «Аталмыш бағдарлама бойынша бой көтерген үйлердің алғашқысы болып қолданысқа берілген 36 пәтерлі тұрғын үйге төртінші сыныпқа сәйкес әрлеу жүргізіліп, құрылыс нормаларына сай салынды» дейді «Фирма Азия» ЖШС құрылыс жұмыстары бойынша директорының орынбасары Мерғали Кеңесбаев.

Семейде бағдарлама аясында Театральная көшесінде 72 пәтерлі тағы бір үй салынып жатыр. Бұл тұрғын үй 2016 жылдың мамыр айында пайдалануға берілуі тиіс. Сонымен қатар, Ұн-құрама жем комбинаты ауданында 54 және 81 пәтерлі 2 үйдің салынуына келісім жүргізілуде.

РЕДАКТОР БЛОГЫ

ЖУРНАЛИСТЕР

Айдана МАҒЖАН

Ақмарал ОМАШ

Айжан ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ

 

Бізді әлеуметтік желілерден ізде!
bottom of page