top of page

АУЫЛҒА АЛЫП  ҰШҚАН САҒЫНЫШ

  • Бейбіт ДУМАНҰЛЫ, студент
  • 6 янв. 2016 г.
  • 2 мин. чтения

Мектеп бітіргенше үйде болдым. Рахат өмір, әке-шешең қасыңда дегендей. Бар тәтті-дәмді алдыңда, Жаңа жылды уайым-қайғысыз қарсы алатынбыз. Екі жыл болды Жаңа жылды студенттер жатақханасында қарсы алып келемін. Бірінші курста бәріміз сыныптастар, группаластар болып тойлағанбыз.

Ал, биылғы жылым қызық болды. Емтихан аяқталысымен ауылыма тартуды жоспарлап жүргенімде, Семейдің ауа райы жүз құбылды. Қырсық қылғанда дәл менің ауылыма баратын тасжол жабылды. 112-ден «Семей-Ақсуат тасжолы жабық. 10 м/с бұрқасын жел, көктайғақ, боран» деген хабарламалар тоқтаусыз келіп жатты. Ауа райына бағынышты емес пойызбен жетіп алатындай ауылыма тартылған теміржол да жоқ. Ұшақты армандамаймыз да. Сонымен ақырғы емтиханым желтоқсанның отызы күні сағат 17-де бітті. Университеттен шыға сала ауылға барар көлік іздедім. Таппадым. Міне, жылдың соңғы күні де келіп жетті. Таң атысымен жан-жақтан көлік іздестіруді қайта жалғастырдым. Ауылда әкем де «такси» іздестірді. Автовокзалға келсем, автобус шықпайды деді. Әншейінде жар салып тұратын таксистердің қарасы аз. Көбі «қалаішілік» деп тұр. Аудан орталығына баратын бір такси жүргізушісі: «Жол жоқ, 10 мың теңге төлесең, апарам»- дейді беті шылп етпей. Студентте мұндай ақша қайдан болсын. «Он мың төлесем, мені жол жоқ жерден арқалап өткізуші ме едіңіз?!»- дедім әлгінің ынсапсыздығына налып. Көңіл-күйім түсіп, «тағы да Жаңа жылды ата-анамсыз қарсы аламын ба?» деп салым суға кетті. Студент болған екі жылымда да қалада қарсы алдым. Ауылымды, ата-анамды сағынып, 2016 жылды туғандарыммен қарсы аламын деп жоспарлағаныма екі ай болған. «Ерте жоспарламай, «бұйыртса» деген жөн екен-ау» деп іштей сөйлеп келе жатқанда, ұялы телефоным шыр етті. Әкем екен. «Балам, жол жабық, таксилердің көбі әлі Қалбатауда жатырмыз дейді. Қалада қалғаның жөн болар» деп жолға шықсам алаңдайтынын жеткізді. Әкемнің сөзін қоштағандай 112-ден тағы бір хабарлама келді. Бұл да менің жолға шықпағанымды құп көргендей. Жақсы, қалада қалғанда Жаңа жылды кіммен қарсы аламын. Жатақханада бірге тұратын достарым ауылдарына кетіп қалған. Сыныптастармен хабарласпағалы көп болды. Ауылға кетеміз деп тамақ та алмағанбыз. Азын-аулақ ақшама іні-қарындастарыма біраз базарлық алып қойған едім. Доллар қымбаттаған қазіргі кезде менің ай сайын алатын 12 мың теңгем неге жетсін. Таксиге отырып, ауылыма жетіп алсам, жолақыны ата-анам жайғайды ғой деген ой болған-тұғын. Өздері зейнетақыға қарап отырған ата-анамды он мың теңге төлеуге мәжбүрлеуді жөн көрмедім.

Сөйтіп, түс ауа базарда жүргенімде, ауылдас балаларды көзім шалып қалғанда әкемді көргендей қуандым. Биыл ғана бірінші курсқа қабылданған бұлар да ауылға барар көлік таба алмай тұр екен. Оларды көріп, өзімнің үлкен екендігім есіме түсіп кетті де, ақыл айта бастадым. «Жолдың жайын білесіңдер, боранның басылғанын күтіңдер. Оқыс деген аяқастынан» деп бағана әкемнің айтқан сөздерін айтып жатырмын. Мұны естіген Арман мен Медеттің түрі бұзылып кетті. Негізі өзімнің жайым да мәз емес.

Жұрт Жаңа жылға дайындалып абыр-сабыр болып жүрсе, біз такси іздеп сабылып, уақытымыздың көбін жоғалттық. Еңбегіміз еш кетті. Осылайша Арман, Медет үшеуміз Мешін жылын бірге қарсы алдық. 112-нің хабарламаларына қарап іштей бір сыбап аламын да, «2017 жылды, бұйыртса, ата-анаммен қарсы аламын» деп қоямын. Сағындырған ауылыма 3 қаңтарда әрең жеттім. Енді демалыс.

Бейбіт ДУМАНҰЛЫ,

студент

 
 
 

Comments


РЕДАКТОР БЛОГЫ

ЖУРНАЛИСТЕР

Айдана МАҒЖАН

Ақмарал ОМАШ

Айжан ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ

 

Бізді әлеуметтік желілерден ізде!
bottom of page