top of page

БЕРЕКЕЛІ  ЕЛДІҢ  ЕРТЕҢІ ЖАРҚЫН

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Семей өңіріндегі өкіл имамы, Семей қаласының Қос мұнаралы Орталық мешітінің бас имамы Мақсат Алтыбаймен сұхбат.

- Бүгінде әлемде терроризм кеңінен қанат жая бастады. Күні кеше болған Париждегі қантөгіс күллі жаһанды дүр сілкіндірді...

– Расында, бейбіт халықтың жазықсыз ажал құшуы адам жанын түршіктіреді. Бұл жағдай бәрімізді ойландыруы керек. Елдегі тыныштық, тұрақтылық ең басты құндылығымыз.

Барша адамзат баласын бейбіт өмір сүруге, түрлі ұлт, дін өкілдерін бірлікке үндейтін Ислам діні жазықсыз адам қанын төгуге қарсы. Қасиетті Құранда: «Жазықсыз бір адамды өлтіру – бүкіл адамды өлтірумен тең»,- деп баяндалған.

Өкініштісі, барлық террорлық әрекеттерге дініміздің қосақталып айтылуы. Ислам атын жамылған топтар қолдарына қару ұстап, өздерінің теріс әрекеттерімен дінімізге күйе жағып отыр. Менің айтарым ешқандай қантөгіске, терроризмге асыл дініміздің қатысы жоқ.

«Жау жоқ деме - жар астында» дегендей әрбір Қазақстан азаматы берекеде болып, сақтық шараларын нығайту керек. Әсіресе, жастар тәрбиесіне көбірек көңіл бөлген жөн. Зерттеушілердің мәліметтеріне қарағанда, жат ағымдардың қарамағына бірнеше кезекте ілінетіндер жастар екен. Өзіндік көзқарасы әлі қалыптаса қоймаған жастар көбінесе әртүрлі ақпарат жетегінде кетіп, адасушылыққа барады. Әртүрлі бағыттағы кейбір интернет сайттарындағы діни уағыздар да қауіпті. Сондықтан, әрбір ата-ана, мектеп ұстаздары балалардың көзқарасына, бос уақытта немен айналысатынына, қандай сайттарға кіретіндігін бір уақыт бақылағаны жөн. Бәріміз жұмысбастылықты сылтау етіп, көп жағдайда бала тәрбиесіне көңіл бөлмей кеттік. Бұл - үлкен қателік.

– «Бөлінгенді бөрі жейді» дегендей, қазіргі сын сағатында бізге ел ішіндегі береке-бірлікті көбірек насихаттау керек сияқты...

–Елбасымыз Н.Назарбаевтың бастамасымен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап елдегі береке-бірлік, саяси тұрақтылық әрдайым басты назарда болып келеді. Аллаға шүкір, бүгінде тәуелсіз мемлекетіміз әлемге үлгі болып, бейбітшіліктің бесігі болып отыр. Хакім Абай ақын:

Біріңді, қазақ, бірің дос

Көрмесең, істің бәрі бос,- деп айтқандай, ұлан-ғайыр кеңістікті иемденіп отырған бүгінгі ұрпақтың, яғни, біздің басты парызымыз – Алла нәсіп еткен ел тәуелсіздігін берік қолда ұстау.

Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Әй, иман келтіргендер! Аллаға, пайғамбарына, сіздерден шыққан әмір иелеріне бой ұсыныңдар» - дейді Ниса сүресінің 59 аятында. Сондықтан, өз Отанын қадір тұтқан әрбір адам елдегі билікке және қабылданған заңдарға құрмет көрсетуі керек.

Таяу Шығыста болып жатқан қақтығыстардың қасіретін естіп, көріп отырмыз ғой. Өзіндік байырғы тарихы, мол дәстүрі бар Шам (Сирия) еліндегі бүгінгі жағдай баршамызға сабақ болуы керек.

– Мешіт имамдары тарапынан осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан ел ішіндегі береке-бірлікті нығайту бағытында үлкен жұмыстар жүргізілуде. Діни басқарма тарапынан ұйымдастырылған ақпарттық насихат топтары өңірімізге жиі келіп тұрады. Сонымен қатар, жергілікті мешіт имамдары, атқарушы органдармен бірлесіп оқу орындарына, мекемелерге барып, бұқараның діни сауатын ашу, әртүрлі ағымдардан сақтандыру бағытында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп отырады.

Өңірде жүзден астам мешіт жұмыс істейді. Тек Семей қаласында 11 мешіт бар. Мешіт имамдары бүгінгі күн талабына сай қызмет атқарып отыр. Алайда, ауылды жерлердегі мешіттерді діни қызметкерлермен қамтамасыз ету мәселесі әлі де болса толық шешімін таппай отыр.

Аймақта діни ахуал қалыпты жағдайда деп айта аламыз. Дегенменде, халықтың діни сауатын көтеру мәселесі басты назарда болуы керек. Көп жағдайда адасушылық дін сауаты төмен жандарда болып жатады. Сондықтан, қандастарымыз төл дініміздің негізгі қағидаларын білгені жөн. Бұл жерде ұлттық БАҚ-тардың белсенділігі керек.

Қилы заманда да ата-бабамыз асыл дінін сақтай білді. Құнанбай қажы, Тыныбай Каукенұлы, Тана мырза сияқты елге танымал тұлғалар ел ішінен мешіт, медресе ашты. Абай бабамыз: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» - деп Исламның ақиқаттығын насихаттаса, төл дінімізді халық арасына кеңінен уағыздау мақсатында әйгілі ағартушы Ыбырай Алтынсарин 1884 жылы «Шариат-ул-Ислам (Мұсылманшылықтық тұтқасы)» еңбегін, Шәкәрім қажы 1911 жылы «Мұсылмандық шарты» кітабын жарыққа шығарды.

Ал біз Алла сыйлаған ел тәуелсіздігінің арқасында ұзақ жылдар бойы қол үзіп қалған рухани құндылықтарымызбен қайта қауыштық. Ендігі мұратымыз - тәуелсіздіктің туын берік ұстап, ұлттық құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтау.

– «Имам – дін айнасы» - деген ұлағатты сөз бар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан имамдарға қандай талаптар қойылып отыр?

– Үстіміздегі жылдың 19 ақпанында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өткізген имамдар-дың бірінші форумында бірнеше маңызды құжаттар қабылдады. Соның бірі – «Имамның тұлғалық келбеті». Міне, осында мешіт имамына қойылатын міндеттер айқын көрсетілген.

Бүгінде біз сол қабылданған ережеге сай жұмыс істеуді мешіт имамдарынан талап етудеміз. Алайда, бәрі бірдей құжат қағидасына сай қызмет атқарып жатыр деп айту қиындау. Дегенменде, «Көш жүре түзеледі»,- дегендей ең бастысы имамдар тарапынан серпіліс бар.

Мешіттерді білімді де, білікті имамдармен қамтамасыз ету үшін жыл сайын талапты жастарды еліміздегі діни оқу орындарына жіберіп отырмыз.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазірет ел ішіндегі ынтымақты арттыру, қайырымдылық шарасын ұйымдастыру жөнінде тапсырма беріп отыр. Осы бағытта өңірге қарасты мешіттерде көптеген жұмыстар жүргізіліп келеді.

Сөз соңында баршаңызды елдегі береке-бірлікті нығайтып, егеменді еліміздің дамуына өзіндік үлестеріңізді қосуға шақырамын.

Әлемдік қаржылық дағдарыстың салқыны бізге де тиіп отыр. Әрине, өмір болғаннан кейін қиындықтар болады. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болса, бір аз уақыт ішінде бәрі өз қалпына келеді деген сенімдеміз.

Алла Тағала егеменді еліміздің мерейін үстем етіп, әрдайым сүйікті Отанымызға бейбіт өмір нәсіп етсін!

– Әңгімеңізге рахмет!

Дін жолындағы қызметтіңізге табыс тілеймін!

Сұхбатты жүргізген:

Д. АЛДИЯР.

РЕДАКТОР БЛОГЫ

ЖУРНАЛИСТЕР

Айдана МАҒЖАН

Ақмарал ОМАШ

Айжан ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ

 

Бізді әлеуметтік желілерден ізде!
bottom of page