top of page

Жаңа жылды жолда қарсы алатын жолсерік

  • Ақмарал ОМАШ
  • 6 янв. 2016 г.
  • 2 мин. чтения

Жаңа жылды тойлау рәсімі жыл келер сәтте отбасы мерекесіне айналады. Әркім өз үйіне асығады, қосағының жанында, бала-шағасының ортасында болғысы келеді. Отбасы мүшелері бір-біріне сыйлық дайындап, дастархан жаяды. Бұл - жыл басын құрметтеу. Арамызда «Жаңа жылды қалай қарсы алсаңыз, жыл солай өтеді» дейтін ырымға сенетіндер де аз емес. Жалпы, жылды қарсы алудың жазылып қалған нақты тәртібі жоқ. Әркім өзінше, қал-қадерінше қарсы алып жатады. Дегенмен де Жаңа жылды отбасымен қарсы алу дәстүрге айналған. Алайда, оған мүмкіндігі бола бермейтін мамандық иелері де бар. Мәселен ерлі-зайыпты Сайлауовтар - Ерлан мен Айгүл Жаңа жылды жұмыста қарсы алады. Үйдің отағасы Ерлан Сайлауов Қызылордаға қатынайтын пойыз жолсерігі. Жолсеріктің жұмысын өздеріңіз білетін боларсыздар, бір тәулікте Қазақстанның бірнеше аймағын аралап, жолаушыларға жайлы жағдай жасалуы үшін қызмет етеді. Сондай-ақ, пойыздағы тәртіпті де бақылайды.

- Әр жыл есте қалар оқиғалармен, өмірімізге сән берген жетістіктермен есте қалады. Біз үшін Жаңа жыл – жаңа күн, жаңа өмір. Биылғы Жаңа жылды жолда – Матайда қарсы алдым. Пойызда да күндегідей қаумалаған жолаушылар болған жоқ. 31-і күні № 3 вагонда сағат тілі түнгі 12-ні көрсеткенде 9 адам ғана болдық. Біз бекітілген кесте бойынша жұмыс атқарамыз. Жаңа жылды отбасыммен қарсы алмағаныма 5 жылдың жүзі болды. Жалпы, елімізде жұмыссыз жүргендер көп қой. Осы қызметімнің арқасында бала-шағамды асырап отырмын. Ең бастысы адал еңбек ету қажет. Адам бала­сы үшін бейбітшілік пен тыныштықтан артық не бар? Биылғы Мешін жылы отбасымыз үшін ерекше жыл болады деген үміттемін,- дейді үйдің отағасы Ерлан Сайлауов.

Ал «Әйел – үйдің ырысы» дегендей, үйдің тұтқасы Айгүл Сайлауова Қызылордадағы ауруханада медбике. Айгүлдің айтуынша, кейде Жаңа жылды ота үстінде қарсы алуға тура келеді.

- Медбике – науқастың өміріне жауап беретін жан. Әсіресе, ота жасаған күні дәрігер, таңертеңгілік ке­ліп, емдік шараларын та­ғайын­дайды. Содан кейінгі барлық қиын шаруаны ат­қа­ратын медбике. Яғни, емделушінің көңіл-күйінен бастап, дәрісін нақтылы қабылдауына дейін жауапты адам осы. Қостанайда ата-анамыз бар. Екі бала тәрбиелеп отырмыз. Бір жақсысы, үйде ата-анамыз болғандықтан, балаларымыз Жаңа жылда біздің жоқтығымызды сезінбейді. Осы жылды отбасымыз төрт көзіміз түгел қарсы аламыз деген ойдамыз,- дейді Айгүл Сайлауова.

Мереке екен деп бұл екі қызметкердің жұмыстан қалуы мүмкін емес. Адам баласы үшін Отаннан кейінгі қасиетті ұғым – отбасы. Сайлауовтар отбасы үшін ең басты қағида «отбасының бірлігі – Отанның бірлігі». Жолсерік Ерлан Сайлауовтың ойынша, отбасында бірлік пен татулық орын алғанда ғана үлгілі ұрпақ өсетіні анық. Олар өз бақытын отбасынан, адал еңбектен тапқан жандар. Елімізде осындай береке-бірлігі жарасқан отбасылар көбейе берсін!

 
 
 

Comments


РЕДАКТОР БЛОГЫ

ЖУРНАЛИСТЕР

Айдана МАҒЖАН

Ақмарал ОМАШ

Айжан ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ

 

Бізді әлеуметтік желілерден ізде!
bottom of page