top of page

ЖҰЛДЫЗЫҢЫЗ НЕ ДЕЙДІ?

Тоқты

Тоқты жұлдызында туғандар үнемі үздіктер қатарынан көрінеді. Сондықтан болар, жұлдызнама тізімінде де ең бірінші орналасқан. Олар кез-келген істі бастар алдында тек өзінің шешіміне сенеді. Өзгелерден кеңес сұрауды аса ұната қоймайды. Мешін жылында тоқтыларды мансап жолында да, жеке өмірінде де үлкен өзгерістер күтіп тұр. Сіздің бейтаныс адамдармен тез тіл табысып кететіндігіңіз және бастаған ісіңізді соңына дейін жеткізетіндігіңіз қызметте өсуіңізге септігін тигізеді. Жылдың алғашқы айы қарбалас жұмыстан бас алмауыңыз мүмкін. Десе де, көктем шыға еңбегіңіздің жемісін көресіз. Ал, жаздың жаймашуақ күндері жаныңызға қуаныш сыйлап, сүйіктіңізбен ара қатынасыңыз жақсара түспек. Тамыз айында қаржыға байланысты мәселе туындауы мүмкін. Алайда, несие алудан сақ болыңыз. Қазан, қараша айлары сіз үшін сәттілікке толы болмақ. Жалпы, мешін жылы тоқтылар үшін жаман болмайды. Үйіңізде ырыс-береке артып, қызметіңіз өседі.

Торпақ

Өздеріне деген сенімділікпен түйінді мәселелердің ебін таба білетін торпақтар үшін де Мешін жылы жақсылыққа толы болмақ. Бастаған ісін ертеңге қалдырмайтын торпақ жұлдызында дүниеге келгендер жылдың басынан-ақ қауырт жұмыстарға кірісіп кетеді. Қаңтар, ақпан айларында қаржылық дағдарыс қатты сезілуі мүмкін. Дегенмен, көктемнің алғашқы айлары ойға алған жоспарыңыз іске асып, жұмысыңыз оң нәтижесін береді. Үлкен істі қолға алмас бұрын жақындарыңыздың кеңесіне құлақ түргеніңіз абзал. Бұл өз кезегінде, дұрыс бағытты таңдауға септігін тигізбек. Сәуір айында отбасыңызда қуынышты оқиға орын алады. Ол ұлан-асыр тоймен жалғасуы да мүмкін. Шілде айында жаныңыз жабырқап, күйзеліске ұшырауыңыз ықтимал. Сондықтан, табиғат аясында жиі серуендеп, достарыңызбен бас қосқаныңыз жөн. Тамыз айының соңы мен қыркүйек айының басында жеке өміріңізде үлкен өзгерістер орын алмақ. Бұл өзгерістер болашағыңызбен тікелей байланысты болғандықтан, шешім шығарарда жаңылыспағаныңыз дұрыс. Күз айларында іссапарда жүріп, қалай жылдам өтіп кеткенін аңғармай қаласыз. Ал, қыс мезгілінде жыл бойғы еңбегіңіздің жемісін көріп, қызмет жолында мансабыңыз өспек.

Егіздер

Әр нәрсені білуге құмартып тұратын егіздер бейтаныс адамдармен ортақ тіл табыса білетіндігімен шебер. Бұл белгіде туғандар білім алғанды, ізденісті жақсы көреді. Жылдың басын егіздер шығармашылыққа арнап, жаңа тың туындылардың иесі атануы да мүмкін. Дегенмен, жақындарыңыз ісіңізге қолдау көрсетпегендіктен, бұл ұзаққа жалғаспайды. Көктемнің алғашқы айлары денсаулығыңыз сыр беріп, біраз жоспарларыңызды кейінге шегересіз. Алайда, сары уайымға салынудың еш қажеті жоқ. Есесіне жаздың алғашқы айларынан бастап дегеніңізге жетудің сәті түседі. Айталық, ісіңіз өрге домалап, маңызды істердің басын қайырасыз. Бойдақ егіздер үшін күз мезгілі шаңырақ көтеруге қолайлы кезең болмақ. Желтоқсан айында отбасыңызбен бірге қызықты күндерді өткізесіз. Мешін жылы есіңізде елеулі оқиғаларымен есте қалмақ.

Шаян

Шаян белгісінде туғандардың жүрегі нәзік, өте сезімтал келеді. Қандайда бір істі бастар алдында өзгелердің кеңесіне құлақ түргенді жөн санайды. Өткен жыл шаяндар үшін жаман болған жоқ. Мешін жылы да дәл солай болмақ. Төзімділігіңізбен, сабырлылығыңыздың арқасында жаңа жетістіктерге жетіп, көптің қошеметіне бөленесіз. Көктем айы басталысымен-ақ, қауырт жұмыстарға кірісіп кетесіз. Алайда, жақындарыңыз бен достарыңызды назардан тыс қалдырмағаныңыз абзал. Жұлдызшылар жаз айларының алғашқы күндері сақ болуды ескертеді. Себебі, жаһанды жайлаған дағдарыстың отбасыңызға айтарлықтай кесірі тиюі мүмкін. Тапқан табысыңызды оңды-солды шашпай, тек аса қажет деген дүниелерге ғана жаратыңыз. Бұл қиын кезеңдерден оңай құтылудың бірден-бір жолы. Ал, қыстың алғашқы аптасында сізге өте жақсы ұсыныс түсуі мүмкін. Ол жұмысыңызға да, жеке өміріңізге де оң әсерін тигізеді. Сондықтан бас тартпағаныңыз жөн.

Арыстан

Көпшіліктің назарында жүргенді ұнататын арыстандар үшін Жаңа жыл қызықты оқиғаларға толы болмақ. Өзіне қатысты айтылған сынды көтере алмайтын арыстан белгісіндегілер көңіліне жақпаған адамдардан іргесін аулақ ұстайды. Қаңтар, ақпан айлары бірқалыпты өткенімен, наурыз айында өміріңізде айтарлықтай өзгерістер болады. Мәселен, қоныс ауыстырып, көптен көріспеген туыстарыңыздың басын қосасыз. Сондай-ақ, бойдақ арыстандар көктем мезгілінде өзінің өмірлік серігі болатын жанды жолықтырады. Алайда, жұмысыңыз сүйіктіңізбен арадағы жақындыққа кедергі келтіруі мүмкін. Бірақ оған алаңдаудың еш қажеті жоқ. Уақыт өте ол сіздің сезіміңіздің беріктігіне көзі жететін болады. Күз мезгілінің алғашқы айында қаражат мәселесі туындап, біраз әбігерге салады. Бұл кезде ең бірінші достарыңыздың көмегіне жүгінгеніңіз абзал. Желтоқсан айында жағымды жаңалықтар естіп, көңіліңіз жайланбақ.

Бикеш

Бикештер өте еңбекқор, сабырлы болып келеді. Әрдайым өздеріне сенімді жүретін олар кез келген істі бастар алдында жақсылап ой елегінен өткізіп алады. Ешқашан аяқасты шешім қабылдамайды. Мешін жылын бикештер қызметін ауыстырудан бастамақ. Үнемі ізденіс үстінде жүретін бұл белгідегілер жаңа қызметіне тез кірісіп кетеді. Жылдың алғашқы жартысы іс-сапар, тың идеялар, қауырт жұмыстармен өтеді. Ал, шілде айының басында алыстағы достарыңызбен бас қосып, табиғат аясында демаласыз. Шаңырағыңызда көптен күткен қуанышты сәт тамыз айында орын алмақ. Күз мезгілінің алғашқы айы қаржыңызды үнемдеп ұстағаныңыз абзал. Себебі, жұмысыңыздың алға баспай қалуы ғажап емес. Дегенмен, достарыңыздың тарапынан қолдау көріп, бұл тығырықтан оңай шығасыз. Жұлдызшылар қараша айында алыс жаққа сапарға шықпауға кеңес береді. Денсаулығыңызды басты назарда ұстағаныңыз дұрыс.

Таразы

Нақты шешім қабылдауда сенімсіздік танытып, өзгелердің айтқанымен жүретін Таразы белгісінде дүниеге келгендердің есінде 2016 жыл тек жақсы жақтарымен есте қалмақ. Қайсар жан екеніңізді естен шығармаңыз. Кез-келген маңызды және қиын жұмысты еш қорықпастан бастап кетіңіз. Ол сіздің тек биіктерден көрінуіңізге септігін тигізбек. Сіз үшін, әсіресе, жылдың екінші жартысы табысты болмақ. Алғашқы жарты жылдықта көп уақытыңызды отбасыңызға бөліңіз. Сонымен қатар, Мешін жылында оқуға, саяхат жасап, демалуға көптеген мүмкіндіктер туады. Өміріңізге кедергі жасайтын, түкке де керегі жоқ дүниелерден арылыңыз. Пайдалы әрі сауапты іс істеуге тырысыңыз. Шілде, тамыз айларында өміріңізге елеулі өзгерістер енгізуден қорықпаңыз. Қыркүйек айында шектен тыс өркөкіректік танытудан сақтаныңыз. Егер бұл мінезіңізге салсаңыз, біраз жақсы адамдармен байланысыңыз үзіліп қалуы мүмкін. Желтоқсан айы Таразылар үшін жағымды жаңалықтарға толы болмақ.

Сарышаян

Мінездері тік, өз айтқанынан қайтпайтын сарышаяндар үнемі алда жүргенді жақсы көреді. Өзгелердің көңіліне қарамаса да, бейтаныс адамдармен тез тіл табысып кетеді. Бұл жыл сізден төзім мен ақылды қажет етеді. Жыл бойы сіңірген еңбегіңіздің жемісін қараша айында көретін боласыз. Тәуекелге бел буып үйреніңіз. Мешін жылы таңғажайып оқиғалармен басталып, қызықты сәттермен аяқталатын болады. Ақпан айында жаңа қызметке ауысуыңыз мүмкін. Көктемнің алғашқы айы денсаулығыңызға кері әсер етіп, әлсіздікке ұшырауыңыз ықтимал. Сол себепті, күтініп жүріңіз. Жаз мезгілі отбасын құрмаған сарышаяндар үшін оңтайлы кезең болмақ. Өмірлік серігіңізбен шаңырақ құруға сөз байласып, ұлан-асыр той жасайсыздар. Ал, күз мезгілі қарбалас жұмыс, әріптестік кездесулермен жылдам өтіп кетеді. Десе де, қараша айының соңында еңбегіңіздің жемісін көріп, уақытыңыздың босқа кетпегенін білесіз. Маңызды шешімдерді жеті рет өлшеп, бір рет кесуді ұмытпаңыз.

Мерген

Биыл жүрген ортаңызда мерейіңіз үстем болып, дәрежеңіз арта түседі. Ең бастысы – басқаны тыңдаудан бас тартпаңыз. Дәрежеңіздің көтерілуі соған байланысты. Жылдың алғашқы жартысы тынымсыз болғанымен екінші жарты жылдықта байсалды өмір кешесіз. Жаныңыз қалаған іспен шұғылданасыз. Ақпан айында қаржылық мәселелер туындап, жұмысыңызда келеңсіздіктер орын алуы мүмкін. Сәуір айында қарбалас жұмыстардан бас ала алмай, отбасыңызға көңіл бөле алмауыңыз ықтимал. Дегенмен, мамыр, маусым айларында барлық мәселелер реттеліп, көңіліңіз жай табады. Сіз шығарып салған жылдан қалған сенім келер жылы біраз істің басын қайырып тастауға жетеді. Қыркүйек, қазан айлары жеке кәсібіңізді дөңгелетуге таптырмас уақыт. Жылдың ең елеулі оқиғалары қараша айында болмақ. Түрлі жобалар мен шараларға бел шеше кіріскеніңіз өзіңізге тиімді.

Тауешкі

Жаңа жылдағы өзгерістер қаңтар айынан-ақ басталады. Бойыңызда бұрын-соңды болмаған күш пайда болып, белсенділігіңіз артады. Осы талпынысыңыз арқылы біршама жетістіктерге жетесіз. Тауешкі белгісіндегілердің сабырлылығы мен шыдамдылығы олардың үнемі бірінші орында жүруіне септігін тигізбек. Көктемнің алғашқы айы шығармашылық жұмыстарға бет бұрып, болашаққа жоспар құрып алғаныңыз дұрыс. Бұл өз кезегінде ісіңіздің оңға басуына әсер етеді. Шілде айында отбасыңызда үлкен қуаныш орын алады. Отбасылы тауешкілер үшін мешін жылы толағай табыстарға толы болмақ. Ең алдымен, балаларыңыз жетістігімен қуантып, жолдасыңыздың тарапынан қолдау көресіз. Бұл өмірге деген құштарлығыңызды арттырып, жанұяңыздың берекесін нығайта түседі. Күз мезгілінде жаңа мүмкіндіктердің есігі ашылып, әріптестік ұсыныстар түседі. Жалпы, тауешкілер үшін мешін жылы сәтті болмақ.

Суқұйғыш

Бұл жылы бірінші кезекке отбасы мен үй шаруасын қойған дұрыс болады. Белсенділігіңізді қоғамда емес, шаңырағыңызда көрсетіңіз. Қаңтар мен ақпан айларында ішкі күшіңіздің мықтылығы айналаңызға керек адамдарды жинауыңызға көмектеседі. Наурыз бен сәуір айларында сізді күтпеген қаржылық ұсыныстар қуантпақ. Ал мамыр айында отбасыңыз сіздің әр идеяңызға разы болады. Жаз мезгілінің соңғы айында көңіліңіз құлазып, мазаңыз кетуі мүмкін. Десе де, алаңдаудың еш қажеті жоқ. Қыркүйек айында ойыңызда жүрген жоспарыңыз іске асып, мансабыңыз жоғарыламақ. Жақын жандарыңыздың көңілін қалдырып алудан сақ болыңыз. Қараша айында түскен ұсыныстардан бас тартпай, тәуекелге бел буғаныңыз дұрыс. Бұл шешіміңізді отбасыңыз қолдап, сізге айтарлықтай демеу болады.

Балықтар

Сіз үшін бұл жылдың қызығы мен шыжығы мол болады. Өміріңізде бұрын-соңды болмаған оқиғалар болып, жақындарыңыз танымайтындай өзгересіз. Жеке өміріңізде, мансап жолында, ақша мәселесінде, имиджіңізде барлығы жоспарлағаныңыздай болады. Қаңтар-ақпан айларында махаббат төңірегінде мәселе туындап, сүйіктіңізді ренжітіп алуыңыз мүмкін. Наурыз айы шығармашылық адамдар үшін сәтті болады. Жаз мезгілінің алғашқы айы өміріңізге айтарлықтай өзгерістер әкелуі мүмкін. Балық белгісіндегілер үшін Мешін жылы елеулі оқиғаларға толы болмаса да, кейбір қызықтарымен есте қалмақ. Қазан айында әріптестеріңіз не құрбыларыңызбен қарым-қатынастың шынайы бейнесін көресіз. Белсенді қарым-қатынас, достық шеңберіңіздің кеңеюі – сіздің жеке тұлға ретінде өсуіңіз үшін өте қажет. Қараша айында қомақты қаржыға кенеліп, жеке кәсібіңізді ашуға мүмкіндік туады. Дегенмен, алдын-ала жоспар құрмай, жақындарыңыздың кеңесіне құлақ түрмей, асығыс шешім қабылдамағаныңыз абзал.

Жұлдыздармен «тілдескен» Айдана МАҒЖАН

РЕДАКТОР БЛОГЫ

ЖУРНАЛИСТЕР

Айдана МАҒЖАН

Ақмарал ОМАШ

Айжан ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ

 

Бізді әлеуметтік желілерден ізде!
bottom of page