top of page

СТУДЕНТ ЖАСТАР БАЙҚАУЫ жас таланттарды танытты

Өткен жылдың желтоқсан айында Семей қаласы Ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, Шығыс Қазақстан облысы жастар қоғамдық бірлестігі және «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен қалалық Мәдениет сарайында «Студент жастар театры-2015» атты қалалық байқау өткен болатын. Жоғары оқу орындары мен колледж студенттерінен құралған алты театр бақ сынаған аталмыш байқауда Семей медициналық университетінің «Сенім» драма үйірмесі Бас жүлдеге ие болды.

«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қолға алынған шараның мақсаты – дарынды жастарға қолдау көрсетіп, олардың шығармашылық дамуына жол ашу. Сондықтан, байқауда қойылымдардың мазмұнына ерекше мән берілген. Бүгінде талантты ұл-қыздардың әртістік шеберліктерін шыңдап, театр өнерін насихаттау мақсатында қаламызда мұндай байқаулар жыл сайын ұйымдастырылуда.

Заманымыздың заңғар жазушысы Дулат Исабековтің «Әпке» драмалық шығармасы – еліміздегі ес тоқтатқан баладан еңкейген кәріге дейін сүйіп оқитын шығармалардың бірі. Туынды өткен ғасырдың 80-жылдары, Кеңес заманында өмірге келсе де қазақ қоғамы үшін өзектілігін әлі де жоғалтпаған. Кең көлемді туындыны 20 минутқа сыйдырып, тақырыбын аша білген Семей медициналық университетінің өнерлі студенттері үздік өнер көрсетті.

2006 жылы құрылған «Сенім» драма үйірмесінің жетекшісі ҚР мәдениет қайраткері Толқын Қайырғазинаның айтуынша, жас театрдың құрамында 18 өнерпаз студент бар. Болашақ ақ халаттылар сабақтарының қиындығына қарамастан, шығармашылық жұмыстарға белсене атсалысып, өз өнерлерін көрсетуден еш жалыққан емес.

  • Қойылымда ата-анасынан ерте айырылған бір отбасындағы бес баланың басқа түскен сан түрлі қиындыққа мойымастан, өмірден өз орындарын тапқаны баяндалады. Бір ата, бір анадан туса да мінездері әрқилы ұл-қыздарды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай бағып-қаққан шаңырақтың үлкені - Қамажайдың (Әпке) бауырларының бақыты үшін өмірлік қызығынан бас тартқаны сахналанды. Ұйымдастырушылардың қойған талабы бойынша қойылымды 20 минутқа шақтау өте қиынға түсті. Себебі, аз уақыттың ішінде үлкен туындының мән-мағынасын, кейіпкерлердің образын ашу оңай емес. Десе де, оқу орнымыздың дарынды студенттері әртістік қабілеттерін шыңдап, пьесаны жоғары деңгейде сахналады. Еңбегіміз еш кетпей, байқауда Бас жүлде алғанымыз бізді өте қатты қуантты,- дейді Семей медициналық университеті «Сенім» драма үйірмесінің жетекшісі Толқын Қайырғазина.

Айта кетейік, «Әпке» пьесасының бас кейіпкері Қамажай рөлін аталмыш оқу орнының 2 курс студенті Гүлім Сәкен сомдаса, Омардың рөлін 3 курс студенті Дәулет Қалихан ойнады. Ал, Әли Мақанов Тимурдың образын аша білсе, Нәзиланың бейнесін 1 курс студенті Фарида Ермұханбетова сәтті сомдады. Анасынан ес білмейтін сәби шағында айырылған үйдің кенжесі Ермектің рөлін сомдауда Арман Тастанбеков шеберлігін танытты. Сондай-ақ, Әйгерім Анақұлова, Азиза Ахметова, Еркебұлан Ризабеков, Дәулет Қасқатаев, Арай Советова сынды өнерпаз студенттер де өздеріне берілген рөлдерді сәтті сомдап, халықтың қошеметіне бөленді.

Байқаудың қорытындысы бойынша III орынды «Эко жұлдыздары» студент жастар театры (Электротехникалық колледжі) мен «Гауһартас» студент жастар театры (Геология барлау колледжі) өзара бөліссе, «Үркер» (Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті) мен «Руханиат» жастар театры (Рымбек Байсейітов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледжі) ІІ орыннан көрінді. Ал, І орынды «Қарагөз» драма үйірмесі (Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті) иеленсе, Бас жүлдені «Сенім» студент жастар театры (Семей мемлекеттік медициналық университеті) жеңіп алды. Байқау соңында қазылар алқасы үздік театрды ғана анықтап қоймай, өзіне тиісті рөлін жоғары деңгейде сомдаған өнерпаздарды да марапаттады. Айталық, «Үздік әйел адам рөлі» «Сенім» студент жастар театрының актрисасы, Әпке рөлін сомдаушы Гүлім Сәкенге бұйырса, «Қарагөз» студент жастар театры актеры Нұрбақыт рөлін сомдаған Айдын Тоқтақынов «Үздік ер адам рөлі» номинациясына ие болды.

Айдана МАҒЖАН

РЕДАКТОР БЛОГЫ

ЖУРНАЛИСТЕР

Айдана МАҒЖАН

Ақмарал ОМАШ

Айжан ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ

 

Бізді әлеуметтік желілерден ізде!
bottom of page