top of page

ТОҒЫЗ КІТАБЫ ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

Таяуда Семейге жерлесіміз, жазушы, драматург, «Абай және ХХІ ғасыр» халықаралық клубының президенті, КСРО Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты, Бүкіләлемдік Өнер және мәдениет академиясының академигі Роллан Шәкенұлы Сейсенбаев келді. Роллан Сейсенбаев баспа үйі??? ұлттық рухани құндылықтар мен әлем халықтарының әдебиетіне негізделген жаңа 100 томдық кітапхананың алғашқы тоғыз кітабын шығарды.

Қайраткер жазушы 15 жыл бойы «АMANAT» атты әдеби журнал үш тіл­де жарық көріп, әлем әдебиетінің озық үлгілерін үздіксіз ұсынумен ке­леді. Көз майын сарқа сарп етіп сәтімен тәмам еткен Рол­лан Шәкенұлы биыл «Менің 100 кі­табым» деп аталатын игілікті жаңа жобаны бастаған болатын.

- Халықаралық Абай клубының 200 томдық Аманат журналының кітапханасын биыл аяқтадық. Ол 200 кітап Қазақстанның барлық кітапханаларының сөрелерінде орналасқан. Қазақ жастарының сұрауы бойынша әлемнің ең үздік жазушыларының 100 кітабын шығаруды мойныма алдым. 2016 жылы 5 қыркүйекте Семей қаласында Халықаралық Абай поэзиясын бастау ойымызда бар. Қазақстан жастарына арнап осындай үлгілі де үздік кітап сериясын шығаруды дәл қазіргі кезеңде маңыздырақ санаймын,- дейді Роллан Шәкенұлы.

Қазақтың қайраткер жазушысы Роллан Сейсенбаевтың бұған дейін аттай 15 жыл бойы бар қажыр-қайратын халықаралық Абай клубын әлемдік деңгейге көтеруге арнағаны барлығымызға белгілі. Ең бір ғажабы, осы журнал аясында әлем халықтары әдебиетінің 200 томдық тұтас кітапханасы шығарылды.

- Ал біздің ең көп оқи­тын елден ең аз оқитын елге айна­лып бара жатқанымыз өкінішті. Бұл келеңсіз үрдісті тоқтатып, жас­тар­ды кітап қазынасына қызықтыра баурап тарту керек. 2016 жылы, Құдай қаласа, 30 том шығып болады деп күтілуде. Балқан елдері, жапон, қытай әдебиеті де назардан тыс қалмайды. Әлемнің ұлы ақындары мен жазушыларының жеке томдықтары айызды қандырар нағыз рухани зәмзәм болмақ. Сондай-ақ, Американың, Австралияның, Еуропаның, Азияның, Африка мен Латын Америкасының әдеби әлеу­етін паш ететін дербес томдар дең­гейі де жоғары болатынына еш шүбә жоқ. Жалпы алғанда, тұтас жобаның 40 кітабы қазақ әде­биетіне арналмақ, қалған 60-ы әлем әдебиетін қамтиды. Сәуір айында Семей қаласы Қазан қаласында қонақта болады. Соған байланысты қала әкімшілігімен бірлесіп Ғабдулла Тоқайдың, Мұса Жәлелдің тұңғыш рет Қазақстанда татар әдебиетін жеке кітабын шығарамыз. Олар да осы кітапқа енетін болады,- дейді ол.

Сонымен, оқырманға жол тартып үлгерген алғашқы тоғыз томды парақтасақ, Сүйінбай мен Жамбыл бір томға жинақталыпты. Америка әдебиетінен Фолкнер, Хэмингуэй мен Сэлинджер бір томда танытқан. Бұл арада «Теңіздің дәмі – тамшы­дан» деген қағидат ұсталған. Роллан Сейсенбаевтың пайымдауынша, әлемнің ұлы жазушыларының шағын туындылары, кішірек хикаят­тары мен әңгімелерінің өзі жас­тардың қызығушылығын оятып, әрі қарай оқуға ынталануы үшін әбден жеткілікті. Жоба көздеген мақсат та осы. Осындай ұстаныммен «Махабхарата» қазақ тілінде, Абай қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жеке томдарда берілген. Әл-Фараби, Баласағұн, Дешті Қыпшақ жырлары, Олжас Сүлейменов бір-бір томға жүк болған.

Әр кітап 3000 дана тиражбен жарыққа шықты. Ең маңыздысы сол жастардың сұрауымен жарық көріп жатқан бұл кітаптар Семейде басылады екен.

Кітап оқитын жас армандауды үйренеді, санасы оянады, жүрегінде өміршең от лапылдайды, адам болуға талпынып, елдік қасиеттерді бойына сіңіреді. Сондықтан, адамзаттың көркем ойының жауһарлары сақталған кітаптарды мұқият оқып, білімді қазақ болуға ұмтылу Роллан Сейсенбаевтың жастарға артқан аманаты болса керек...

РЕДАКТОР БЛОГЫ

ЖУРНАЛИСТЕР

Айдана МАҒЖАН

Ақмарал ОМАШ

Айжан ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ

 

Бізді әлеуметтік желілерден ізде!
bottom of page