top of page

ҚОЙ ЖЫЛЫН ПЕРЗЕНТХАНАДА ҚАРСЫ АЛҒАН ЕДІМ

  • Әсия Аманова, Семей қаласы
  • 6 янв. 2016 г.
  • 2 мин. чтения

Жалпақ жұрт сағына, сарғая күтетін Жаңа жыл – отбасылық мейрам. Өткен жылды қорытындылап, жаңа тілектер айтысып, ізгі лебіздер жолданатын бұл күнді еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін тағатсыздана күтеді. Жаңа жыл әркімнің есінде әр түрлі қызықтарымен есте қалады. Жылқы жылын шығарып салып, Қой жылы төрімізге төрлетер жыл яғни, 2015 жылды қарсы алар кез менің есімнен кетпейді.

Кейбіреулер Жаңа жылды отбасымен қарсы алса, бірі сүйіктісімен немесе достарымен қарсы алып жатады. Ал, мен Қой жылын перзентханада қарсы алған болатынмын. Әлі есімде, мерекенің қамымен шапқылап жүріп, ішімнің ауырғанын да сезбеппін бұл күні. Әйтеуір, енем мен жолдасымның арқасында перзентханаға дер кезінде жеткенімді білемін.

Үш сағатқа созылған толғақ мен үшін үш күндей болып көрінді. Әуелі Алланың, одан кейін дәрігерлердің көмегімен отыз бірінші желтоқсан күні, сағат тілі түнгі он бірді көрсеткенде дүниеге маңдайы торсықтай ұлды дүниеге әкелдім. Алғаш рет ана атанғаннан болар, қатты толқып, есім шыққаны соншалық, сәбиімді қолыма алуға қорыққаным бар. Бөпеңді құшағыңа алып, маңдайынан иіскегенде өмірдің барлық қиыншылығын бір сәтке ұмытып, өзіңнен бақытты жан жоқтай сезінеді екенсің. Мұны ана атанған әр әйел жақсы түсінеді.

Отбасымыздағы алғашқы қуаныш болғандықтан үйге құттықтап келген жандардың қатары көп болыпты. Жаңа жылға арналып жайылған дастархан «Шілдехана» тойымен жалғасын тауып, айтылған тілектердің де бағыты өзгерді бұл күні. Енем қонақ күтіп, абыр-сабыр болып жатса да, қайта-қайта халімізді сұрап хабарласа берді. Арасында қуаныштан көз жасына ерік беріп, жылап алады. Қайтсін енді, тұңғыш немересі ғой.

Сөйтіп, Жаңа жылға бір сағат уақыт қалғанда дүниеге келген перзентіміздің есімін атасы мен апасы «бағымыз да, дәулетіміз де осы немереміз» деп Бақдәулет қойды. Күні кеше ғана отбасымызға үлкен қуаныш сыйлаған Бақдәулет бүгінде тәй-тәй басып, былдырлаған тәтті тілімен шаңырағымызды шаттыққа бөлеуде. Биылғы Жаңа жылды да жанұямызбен ерекше атап өттік. Себебі, Бақдәулетіміз 1 жасқа толып, қуанышымызды еселей түсті.

Қой жылы отбасымыз үшін ғана емес барша қазақстандықтар үшін жемісті жыл болды десем артық айтқандық болмас. Тарихта ойып тұрып орын алатын атаулы мерекелер тойланып, еліміздің береке-бірлігі арта түсті. Төрімізге жайғасқан Мешін жылы мерейлі болып, еліміз аман, халқымыз тыныш болсын! Жаһан жұртын алаңдатып отырған дағдарыстан шығып, ел экономикасы дами берсін. Әр отбасында сәби күлкісі естіліп, шаңырақтары шаттыққа кенеле берсін демекпін!

Әсия Аманова,

Семей қаласы

 
 
 

Comments


РЕДАКТОР БЛОГЫ

ЖУРНАЛИСТЕР

Айдана МАҒЖАН

Ақмарал ОМАШ

Айжан ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ

 

Бізді әлеуметтік желілерден ізде!
bottom of page