top of page

ҚОС  ҚОРЖЫНҒА  ҚОЛ  СҰҚҚАН   АРУЛАР


2015 жылдың 18 қарашасы күні Аягөз ауданы сотының судьясы Р.А.Тұрабаев 2014-2015 жылдар аралығында бюджеттің 3 392164 теңгесін жымқырып, мемлекетке ірі мөлшерде залал келтірген Баршатас ауылындағы «Оспанқұл Меңаяқұлы атындағы жалпы орта білім беретін мектеп» КММ-нің лауазымды екі қызметкеріне Үкім шығарды.

Ұлтымыздың тәрбиелік салт-дәстүрінде жылқышы қосының қоржынына жолаушы түгілі, дала кезген қарақшы да қол сұқпайды (кейінгі кезде суық қолдылар пайда болды). Ал суық қолдыларын қостың киесі, иесінің наласы жібермейді деген ұғым ел ішінде қалыптасқан. Сол салт-дәстүрімізге жаңаша рең берсем, әлгіндегі қоржындағы қазына бәріміздің маңдай терімізбен жинақталған бюджет қаражаты да, қақы иесі –мемлекет. Рас, бүгінгі таңда мемлекет қаржысына қол сұққандарға қарсы күрес күшейе түскенмен, жемқорлар қатары сирейтін де емес. Тіптен, олардың кімдер екенін жұрт жетік білсе де үнсіз қала береді. Себебі, олар "менің ақшамды алып жатқан жоқ қой" ұғымына бой алдырып әрі заң бұзушыларды органдар анықтайды деген оймен өздерін-өздері алдаусыратады. Бірақ осының соңғысына өздері де сенімді де емес. Содан келіп, жемқорлыққа қарсы күрестің алдыңғы шебінен табылатын құзырлы орган қызметкерлерінің қызметтеріне қанағаттанбағандықтан (бұл ШҚО-ға да тән екендігі алда Елбасына жазылатын ұжымдық ашық хат пен мақалада айтылмақ. Автор) жабулы қазан жабулы күйінде қалады.

Сот үкім шығарған сыбайлас жемқорлар кімдер? Арулардың нәзіктіктері мен көркемдіктерін көз тартар раушан гүліне теңеп жатамыз. Бірақ мына арулар сол гүлдің тікеніндей көптің қолына кіргендер. Айқынырақ айтсам, ұжымдарындағы әріптестерінің несібелеріне ортақтасып, қоржындағы кіріске қол сұққандар: Баршатас ауылындағы Оспанқұл Меңаяқұлы атындағы орта мектеп директоры Сағым Барлықбайқызы Естемісова, есепшісі Құндыз Батырбекқызы Оразаева мен тәрбиеші Анар Қажықанқызы.

Сонымен, Аягөз аудандық сотының судьясы Р.А.Тұрабаев 2015 жылдың 18 қарашасында 2014-2015 жылдар аралығында сыбайластықпен қылмыс жасағандарды ҚР ҚК-нің 189-бабының 3 бөлімі, 1,2 тармақтарымен кінәлі деп тауып, осы бап бойынша ҚР ҚК-нің 55 бабының 4,6 бөлігін қолданып, С.Б.Естемісова мен Қ.Б.Оразаеваны дүние мүліктерін тәркілеусіз, мемлекеттік қызметте белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 5 (бес) жыл мерзімге бас бостандықтарынан шектеуге үкім етті. Сот сотталушылардың жас ерекшеліктерін, жатымды мінездемелерін, бұрын сотты болмағандарын, өз кінәларын мойындап өкініш білдіргендерін, материалдық шығындарды өз еріктерімен төлегендерін және қылмысты ашуға көмек жасағандарын ескеріп, ҚР ҚК-нің 55 бабы 4 бөлігін қолдана отырып бас бостандықтарынан айырмайтындай жаза тағайындауға негіз бар деп санады. Ал Анар Қажықанқызы куәгер деп танылды.

Сотталушылар мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттілік берілгенін пайдаланып әрі сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иеленіп алу мақсатымен мемлекеттік бюджеттің еңбекақы төлеу ерекшелігі бойынша 2014-2015 жылдар аралығында бюджеттен 3 392164 теңге жымқырып, мемлекетке ірі мөлшерде залал келтірген. Алдын-ала сөз байласу негізінде С.Б.Естемісова мектеп мұғалімдері еңбекақысынан 13 ай бойы 2 340744 теңге, ал Қ.Б.Оразаева 15 ай бойы 800841 теңгені бас пайдаларына қымқырған.

Иә, қылмыстың өтеуі – жаза. Дегенмен, бюджет қаржысының еңбекақы бойынша төлемдерінің жайын тексерген ШҚО қаржы тексерушісі, оның тексерулерін қадағалаушы орган қызметкерлері міндеттерінде жауапсыздық танытпаса, жоғарыда аталған жемқорлар әріптестерінің табысына көз сүзбес те еді. Әрі сот залында жанарлары жасқа толып, Қазақстан Республикасы атынан үкім етуші судьядан кешірім жасалуын өтінбейтін де еді.

Алайда, мектеп директоры болған Сағым Барлықбайқызы үшін сот отырысы таңсық емес. Өйткені ол 2011 жылы «Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы» бойынша жауапқа тартылып, кейіннен әупірімдеп ақталып, қызметіне 2012 жылы ақпанда қайта оралған-ды. Сөйткен С.Б.Естемісованың қоғамымызға жат әрекетін екінші қайтара заң орындары әшкере етіп отыр. Бұл оның ашылған бір қыры болса, мектеп педагогика ұжымына мәлім болып, талайлардың ашу-ызасын туғызған, тіптен оған ҚР Білім және ғылым министрлігі араласқан оқиғада оның екінші "таланты" көрініс тапқан-ды. Ол 2011 жылы мектепте үзіліс кезінде жоғары сыныптың бір оқушысы директорының аяғын байқаусызда басып кетіп, аяқ киімін былғағаны үшін «директор ханым» бүкіл сыныптастары алдында әлгі оқушыға өзінің аяқ-киімін тазалатып, парықсыздығын танытқаны. Әрине , сол кезде Сағым Барлықбайқызы оқушысының сағын сындырғанын сезінуден гөрі, мақтанға бой алдырғанын сезінгені сөзсіз. Сонысымен ол, "Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы" Заңының 10 бабындағы "Баланың қадір-қасиетіне қол сұғылмау құқығын"ескермей оқушысының жанын жәбірлеп, адамдық қадір-қасиетін дөрекілікпен қорлағанын түсінбеген.

Жалпы, басшының мұндай парықсыздығы Шұбартау өңіріндегі білім шаңырақтарын басқарған К.Базарбековтен бергі кезде және өзіне дейін мектеп директоры болған Р.Сихымбаевтың тұсында да орын алған емес. Екіншіден, ол төңірегіне жақтастарын топтастырып, қарсы келгендерді қырық сылтаумен қуғынға алған. Сөйтіп мектепте ала-бөтен ахуал қалыптастырғанына журналистік зерттеулерім барысында қанықтым. Демек, бұл оқушысын жәбірлеген, ұжымын қадірлемеген директор С.Б.Естемісованың басқарушылық қызметте кемінде бір жыл болмағандығы мен лауазымды қызметке кездейсоқ келуінің жемісі-ау деп түйдім.

Аягөз аудандық сот судьясы Р.А.Тұрабаев сот тергеуінде осы жайларды дұрыс пайымдап, үкімінде жемқор арудың, «Нұр Отан» партиясы мүшесінің мемлекеттік қызметте белгілі бір лауазым атқару немесе айналысу құқығынан өмір бойы айыру арқылы әділдік орнатқанын көпшілік те құптады.

Қарашаның 18 жұлдызында шыққан үкім заңды күшіне енді.

РЕДАКТОР БЛОГЫ

ЖУРНАЛИСТЕР

Айдана МАҒЖАН

Ақмарал ОМАШ

Айжан ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ

 

Бізді әлеуметтік желілерден ізде!
bottom of page