top of page

ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ КӨТЕРІП КӨК БАЙРАҒЫН...

  • Мұратов Серік Ақанұлы
  • 6 янв. 2016 г.
  • 3 мин. чтения

Мұратов Серік Ақанұлы 1995 жылы 3 қыркүйекте Қарауыл ауылында дүниеге келген. Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде журналистика мамандығының III курс студенті.

Республикалық «Жұлдыздар отбасы» журналы ұйымдастырған «Алло, біз таланттыларды іздейміз!» атты жас ақындар бәйгесінде І орынды жеңіп алды. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде мектеп бітірушілер арасында өткен «Журналист болғың келсе...» атты конкурста Бас жүлдеге ие болған. Алматы қаласында «Қайнар» университеті мен «Класс TIME» газетінің «Менің ауылым» байқауында «Шыңғыстау – көңілімнің көктемесі» эссесі ІІІ орын алды және осы университеттің жеңілдікпен оқу грант сертификатын жеңіп алды. VІІ Республикалық «Тарих ата» олимпиадасында ІІ орынға ие болды. (РОСО «Балдәурен», Көкшетау)

Серік – Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде өткен «Бәйшешек күлтесіндегі балауса жыр» атты облыстық жас ақындар жыр-мүшәйрасының Бас жүлдегері.

2015 жылғы Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары студенттерінің VII Республикалық пәндік олимпиадасының II кезеңінде II орынға ие болды.

Серіктің есімі Республикалық «Қазақстанның үміт артарлары» атты анықтама кітабына жазылған. ( «Ғылым» баспасы, 2011ж)

Ағам барда

( Жандосқа )

Мен бақытты інімін ағам барда,

Мәңгілік жыртылмайтын жағам барда.

Сондықтан аға болғым кеп тұрады,

Алдында ағасы жоқ адамдарға.

Ит абалап балақты талағанда,

Жер таппай сен жүрерсің паналарға.

Сондай кезде соңымнан ере шығар,

Кім жетеді апайтөс ағаларға.

Солар ғой суықта да жылынарым,

Солар ғой сырымды ашып ұғынарым.

Солар ғой жаныңа кір шалдырмас,

Жүрегіне тап-таза түйіп арын.

Мен айбатты інімін ағам барда,

Мен қайратты інімін ағам барда.

Сондықтан аға болғым кеп тұрады,

Ағасы жоқ жалғыздау адамдарға!

Ақыл - патша

Санасыздан асқан бүгін соқыр жоқ,

Әттең бірақ төрде олар отыр көп.

Саналылар ойламайды ешқашан,

Санасыздар ұлы Абайды оқыр деп.

Ұлы Абайды білмейтұғын қазаққа,

Мейлі сына, мейлі күліп, мазақта.

Шыбын шаққан ғұрлы олар көрмейді,

Шыбын жаны өртенгенше тозақта.

Білмей келдік күні кеше Көкбайды,

Жоқ адамды онда кімдер жоқтайды.

Тірілген соң бүгін, міне, сол ақын,

Ұрпақтары өлең-жырын жаттайды.

Ұлы Абайды ғұмыр бойы мақтаған,

Өлеңдерін саф күйінде сақтаған.

Көкбай бабам болмаса егер сол кезде,

Көсемдерін кім бар еді жоқтаған?

Абай жолын жазған кезде дана адам,

Қасында боп қамқор болған сол ағам.

Көркем сөздің шеберіне Көкбайдай,

Мүсін қойсақ артық па екен қоладан.

Үндемейміз үн шықпайды мұндайда,

Осындай бір ой батады шымбайға.

Ғаламшарға Көкбай бабам айтқандай,

Ақыл патша болатұғын күн қайда?!

Дерт

Кейбір дерттің емі көп,

Кейбір дерттің емі жоқ.

Арақ деген бір дерт бар,

Адам кетер жемі боп.

Кейбір дерттің түрі көп,

Іздесең де ізі жоқ.

Жүгендеп алар адамды,

Жүрсе-дағы тірі боп.

Темекі деген зиян бар,

Наша деген тұман бар.

Уланып соған жүргендер,

Өзін-өзі құр алдар.

Асқынған дерттің соңы зар,

Қайғыдан қара жамылар.

Өңешті адам адам ба,

Өзіне жаулық сағынар.

Алла да сүймес оларды,

Жарылқап қайтсін жаманды.

Сауапқа жетпес ешкім де,

Сағынып жүрген обалды.

Дос бар ма?

Жабырқаған шақтарда,

Сырыңды ашық ашқанға,

Құлазыған жүрегімді жібітіп,

Қуантып бір, сергітіп бір тастарға

Дос бар ма?!

Көк бұлтындай көтеріп бір аспанға,

Көпіртіп бір ел көзінше мақтауға,

Қайралған бір қайқы қылыш сияқты,

Қысылғанда сілтейтұғын қас жауға

Дос бар ма?!

Көңіл шіркін көк теңіздей тасқанда,

Қуанышың ұмтылғанда асқарға.

Ортақтасып отыратын қасыңда,

Жаз гүліндей шуақ шашып жас жанға

Дос бар ма?!

Жау садақпен қара саннан атқанда,

Оқты тіспен жұлып алып тастауға.

Қай кезде де қатер төніп тұрса да,

Жаны үшін жасамайтын бассауға

Дос бар ма?!

Қызыл кітап

«Қызыл кітап» тек атауы іші заң,

Бағына алмай бірақ жүрміз осыған.

Табиғатқа балта сілтер пайда үшін,

Адамдарға қарап тұрып шошынам.

Құдай сүймес қылықтарын қойса деп,

Ондайларды құрықтадық қанша рет.

Адамдарға ажал сепсе қаскөйлер,

Табиғатты аямайды қаншелек.

«Қызыл кітап» ішіндегі аңдарға,

Анталаған арам пиғыл жандарға.

Қорқытатын, үркітетін заң бар-ау,

Соның өзі жарамай тұр қорғауға.

Ең аяғы гүлде болар қызыл құрт,

Қызыл құртқа қызығады бүгін жұрт.

Аң сұлуы ақбөкенді көзге атқан,

Аңшыларды көрген кезде түңілдік.

Балық аулап басынғандар қаншама,

Аққу құсқа оқ атқандар қаншама.

Соның бәрін тоқтата алмай келеміз,

Тиым салған заңдарымыз болса да.

Орман, тоғай жанып жатыр себепсіз,

Ол да бүгін шырылдайды көмексіз.

Ағаш біткен керегі жоқ болса егер,

Ауа жұтар жанымыз да керексіз.

«Қызыл кітап» - қызық кітап, заң кітап,

Соны оқып тамсанайық барды сап.

Адам болып жүргеніміз өтірік,

Аң, құстардан ада болса сол кітап.

Нұрлы шақ

Көктемнің күні күлді ақыр,

Төгіліп жерге ыстығы.

Бусанып күнге қыр жатыр,

Бұл да бір қыстың тұтқыны.

Кермарал ұқсап керіліп,

Кергиді төбе, тау-тасым.

Көлдердің мұзы сөгіліп,

Соғады жаға жартасын.

Көктемді тосқан бұл маңда,

Көлеңке жортар тығылып.

Сарқырап аққан суларға,

Сайлар да жатыр жуынып.

Сағынтып жеткен көктеммен,

Сайрайды құстар тіріліп.

Ызғары қыстың кеткенмен,

Ызбары әлсіз білініп.

Дүние шіркін дүрліккен,

Дүбірге толып кеткендей.

Қуаныш, бақыт біз күткен,

Жыл құсы болып жеткендей.

Қараймын ашық аспанға,

Арайлым, сен де қарашы.

Шуағын құйды қос қолға,

Шұрайлы қазақ даласы!

 
 
 

Comentários


РЕДАКТОР БЛОГЫ

ЖУРНАЛИСТЕР

Айдана МАҒЖАН

Ақмарал ОМАШ

Айжан ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ

 

Бізді әлеуметтік желілерден ізде!
bottom of page