top of page

ӘНІ – ӨМІРІНІҢ МӘНІ


Әсем әні қалықтаған қазақ даласында таңдайына бұлбұл ұялаған жезтаңдай әншілер аз емес. Әсіресе, Семей өңірінің қазақ өнері мен мәдениетіне қаншама дарындарды бергені белгілі.

Өнер десе ішер асын жерге қоятын, бірегей дарынымен, табиғи қуатты, ашық таза, жағымды әдемі дауысымен көрермен жүрегін жаулап алған жандардың бірі – Салтанат Сыбанбаева. Біз ел алдында үнемі жарқырап жүретін әншіден бақытты болудың құпиясын білу үшін әңгімеге тартқан едік.

Өнерлі отбасында туып-өскен әнші өзінің өмірін музыкасыз елестете алмайды. Мәдениет қайраткері Салтанат Сыбанбаева 1957 жылы Жарма ауданында дүниеге келген. Егер Салтанаттан: «Әнші болуға кім ықпал етті?» деп сұрасаңыз, ол ең бірінші әке-шешесін атар еді, өйткені отбасындағы сегіз бала түгел шетінен өнерлі. Жарма ауданында мектеп-интернатта оқып жүрген Салтанаттың талантын дарынды балаларды іздеп жүрген өнер мектебі мұғалімдері байқап, әншілікке баулуды жөн көріп, Алматыға К.Байсейітова атындағы музыкалық мектепке оқуға алып кетпек болады, бірақ алыстағы оқуға қаршадай қыздарын жіберуге ата-аналары рұқсат етпейді. Ол сахнаға қаладағы саз колледжін сырттай бітіргеннен кейін ғана келді. Қаладағы атақты «Ақбұлақ» ансамблінің белді әншісі болды.

Еңбексүйгіштік – Салтанат Сыбанбаеваның қанына сіңген үлкен қасиет. Көп жыл әншілік ғұмырында өнер деген қиын жолдың шыжығын да, қызығын да көріпті. Жалпы, әнші өзінің өнердегі ғұмырында Орта Азияны, Қазақстанды, Түркіменстанды, Ресейдің Омбы облысын және Алтай өлкесін, Қарақалпақстанды, Қырғызстанды, Қытайды, Моңғолияны концерттік гастрольмен түгелдей аралап шықты. Әнші тек қазақтың халық әндерінің емес, эстрадалық әндердің де шебер орындаушысы. Әр әншінін көңіліне жақын әндері болады, Салтанаттың да сүйіп айтатын әндері: «Ахау, Семей», «Әпитөк», «Бозорамал», орыстың халық әні «Ах, Самара городок», «На тот большак» т.б.

Семейдегі қалалық Мәдениет сарайының әншісі Салтанат әдемі дауысымен халық қазынасын бар бояуымен, болмысымен нақышына келтіре орындап, жарқырата көрсетуде.

- 1976 жылдың 1 қыркүйегінде Әміре Қашаубаев атындағы Семей филармониясында алғаш еңбек жолымды бастадым. Бұл филармонияда қаншама өнер адамдары шыңдалды. Біздің кезімізде филармонияда көркемдік кеңес болатын. Онда әрбір әніміз тексеріліп, сосын барып сахнаға шығарылатын және бүгінгідей қатарынан екі-үш ән орындамай, сахнада әртістер кезек-кезек алмасып ән айтатын едік. Бұл сол заманның стилі болса керек. Ойлап карасам көп жыл әншілік ғұмырымда өнер деген қиын жолдың шыжығын да, қызығын да көріппін. Ең алғаш орындаған әнім – семейлік Теміржан Базарбаевтың «Сағыныш» әні еді. Оны ешқашан ұмытпаймын да, әннің әр иірімі жүрегімде жатталып қалғандай. Көбінесе, халықтық ақындар орталығының жетекшісі Дәмеш Омарбаева апайымыздың жазған өлең сөздері жаныма жақын, мағынасы терең, көңілімнен шығады. Әнімнің мазмұны, сөзі, әуені үйлесіп тұрғанын қалаймын,- дейді ол.

Салтанат Әкрамқызы шәкірті, әрі сіңлісі Бақытжан Сибанбаевамен бірге Қытайда, Моңғолияның Баян Өлгей өлкесінде өнер көрсетті. Алғаш тәуелсіздік алған жылдардағы тоқырау кезеңі өнер адамдары үшін де оңай болмағаны белгілі. Өзінің сүйікті өнерін «Қара қазан, сары баланың қамы үшін» басқа арнаға бұрып, базар жағалап кеткендер қаншама. Осындай қиын кезеңді артқа тастап, әупірімдеп ес жия бастағанда – 2000 жылы өзінің алғашқы жеке концертін берген екен. Жалпы, әнші 5 жыл сайын концерт беруді әдетке айналдырыпты.

«Семіздікті қой ғана көтереді» дейді ғой, яғни, нағыз әнші болу үшін, алдымен нағыз адам болу керек. Өйткені, адами қасиет, адамгершілік, тазалық деген бәрінен қымбат нәрсе. Ал, ол ананың сүтімен, қоршаған ортадан сіңірген тәрбиеге байланысты дариды. Салтанат Әкрамқызының айтуынша, адамның бәрі өмір сахнасында «бетпердемен» жүреді.

–Пендеміз ғой, сондықтан, кейбіреулер өмірде өзін-өзі таба алмай, адами қасиетінен айырылады. Кейбірі өмір ағымындағы кездесетін жағдайларға төтеп бере алмай, өзін жоғалтып жатса, енді бірі тұлға болып, басқаға үлгі бола алады. Ал, енді өмірде мұның қайсысының көп екенін мен айта алмаймын. Музыка менiң өмiрiммен тығыз байланысты. Өнер адамы – халықтың қалаулысы. Мерекелердi өз отбасымда емес, халықтың арасында, концерттерде өткiзетiн кездерiм аз болған жоқ. Отбасы қандай жан үшiн болса да, алдыңғы орында тұрады емес пе?! Мен өнер адамы болғандықтан, көп уақытым басқа қалаларда, отбасымнан жырақта өттi. Алайда, менiң ол үшiн өкiнген немесе өнер адамы болғаныма налыған сәтiм болған емес. Көпшілік өнер адамының отбасы болмайды деп түсiнедi. Алайда, әйел адам отбасын алдыңғы қатарға қоюы керек деп санаймын. Өнер жолы – ауыр жол. Гастрольдік сапарларда көп болдық. Халқыма еркелермiн, бiрақ, жұмыс жұмыспен, отбасы өз алдына. Маңыздысы – мереке күндерi бала-шағаның ортасында болу емес, бастысы, отбасы құндылықтарын сақтау деп түсiнемiн,- дейді орындаған әрбір әнінің тыңдарман жүрегіне жол табуы үшін барын салатын әнші.

Қазір ән айтатын қыз-жігіттердің көптігі соншалық, кімнің қай әнші екенін білмейтін болдық. Кейбіреуі сахнаға шығып алып, не сөзінің мағынасы жоқ не ойда қалатын әуезді әні жоқ, әйтеуір, құлаққа түрпідей тиетін, сөз қадірін білетін жандарды кірпідей жиырылтатын ән айтып тұрады. Кей әнді қанша тыңдасаң да, есіңде сақтай алмайсың. Бұл туралы Салтанат апай былай дейді:

- Біздің кезімізде фонограмма болған емес. Мысалы, оркестр сүйемелдеуімен табиғи дауыспен ән айту мен фонограммамен айтудың айырмашылығы жер мен көктей. Оркестрмен айтылған ән таза болған соң жүректерге жетедi. Себебi, ол – табиғи дауыс. Фонограммамен үлкен студияда, телевизиялық бағдарламаларда емес, той-томалақта айтса болады. Ал үлкен сахна тек әншінің өз дауысымен орындауын талап етедi. Өйтпесе, «әнші» деген атты арқалап жүрудің өзі ұят емес пе!? Өнердi ешқашан алдай алмайсың. Сонымен қатар талғампаз тыңдарманды да алдау мүмкiн емес.

Салтанат Әкрамқызының биыл сахнада жүргеніне 40 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде өнердің жілігін шағып, майын ішкен ағалары: Мәдениет Ешекеев, Болат Сыбанов, Келденбай Өлмесеков сияқты өнер майталмандарымен бір сахнада еңбек етіп, олардан киелі өнердің сырын ұқты. Алдыңғы буын ағалардан үлгі алуға, үйренуге тырысты.

Ән өнерін дамыту, насихаттау жолында еткен еңбегі, төккен тері бағаланып, 2012 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері атанды.

«Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, өмірге ұрпақ әкелу, шаңырақ көтеру, адал еңбек ету, балаларына сапалы тәрбие беру барша ата-атаның арманы. Салтанат апайымыздың балалары жоғары оқу орындарын тәмамдап, бүгінде әр салада табысты еңбек етіп жүр. Ұрпақ бойына адамгершілік деген ұлы қасиетті сіңіру үшін тәрбиемен шектелу аз. Ол ананың сүті, әкенің қанымен беріледі. Салтанат әнші де адамгершілік, мейірімділік сынды игі қасиеттерімен балаларына үлгі боларлықтай жан.

Қызметте де, үйде де бірге келе жатқан жан жары Ғабит көз жұмғанда анасының жұбанышы, қос қанаты – екі ұлы қасынан табылды, аналарына сүйеніш болды. Салтанат Әкрамқызы қазір қос құлынынан 4 немере сүйіп, ұрпақ қызығына кенеліп отыр.

- Менің бағыма Ғабиттай азамат жолықты. Қызметте де, үйде де бірге жан-жарым Ғабит кенеттен қайтыс болғанда, менің жұбанышым, қос қанатым – екі ұлым өнерде де қасымнан табылды. Ғабит өзі музыкалық жетекші болатын, өнеріме ешқашан қарсылық танытып, тосқауыл қойған емес. Соның сенімінің арқасында өнерімді өлтірген жоқпын. Қазір бар қуанышым – немерелерім. Зейнеткерлікке шығып, кезінде балаларыма бере алмаған тәрбиемді осы қызықтарыма берудемін. Әйел баласының басты міндеті мен бақыты – өмірге дені сау ұрпақ әкеліп, оған дұрыс тәрбие беру. Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген ақын Қайрат Жұмағалиев ағамыздың сөзін «Баласы жақсы адамдар, ешқашан қартаймайды» деп аздап өзгерткім келіп отыр бүгінде. Өнегелі ұрпақ өсіріп, ортасында қадірлі болып жүрсең ғана жылыңа жыл, күніңе күн қосылады,- дейді әнші.

Ертіс бойы ежелден ән мен жырға, ұлттық өнер түрлеріне, халықтық мұраларға бай. Дәуірлер бойы қалыптасқан бұл құндылықтар күні бүгінге дейін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастық табуда.

Салтанат апайымыз әнші болып жаратылып, халықтың рухани өміріне тамшыдай болса да қызмет еткенін бақыт санайды. Сөз соңында осындай тағдырды маңдайына жазған Аллаға мың мәрте риза екенін айтты.

Ақмарал ОМАШ

РЕДАКТОР БЛОГЫ

ЖУРНАЛИСТЕР

Айдана МАҒЖАН

Ақмарал ОМАШ

Айжан ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ

 

Бізді әлеуметтік желілерден ізде!
bottom of page